Атырауда 31 дәрігер жұмыстан босату жөнінде арыз жазды
Орталық дәрігерлері мен емделушілер арасындағы жағдайдың ушыққаны сонша, 31 дәрігер жұмыстан кету жөнінде өтініш жазды. Естеріңізде болса, 30 қыркүйекте аталған орталықта тірі туған шақалақты тоңазытқыш камерасына салып, үсіріп өлтіру дерегі тіркелген. Бұл халық арасында қызу талқыланып жатыр. Қазір дәрігерлер негізгі жұмыстарын істеудің орнына тергеушілерге жауап беру мен емделушілердің наразылықтарын тыңдап жатқандықтарын айтады.
Айгүл Шмалина, облыстық перинаталды орталығының дәрігері:
- Жұмыстан шығамыз деп арыз жазуымыздың бір-ақ себебі бар. БАҚ пен антикоррупциялық комитеттің Нұр-Сұлтанда болған брифингісінен кейін халық арасында дәрігерлер жайында жақсы ақпарат беріліп жатқан жоқ. Мен 17 жыл орталықта жұмыс істегенде «қылмыскер» деген атақты бірінші рет естіп тұрмын.