Мұратхан Тоқмәди: Мұхтар Әблязов банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге бұйрық берді
Бұл жөнінде бұрынғы бизнесмен Мұратхан Тоқмәди мәлімдеді. Ол «Хабар» арнасындағы ток-шоуға жазасын өтеп жатқан колониядан байланысқа шығып, Мұхтар Әблязовтың қалай тапсырыс бергенін айтты. Мұқым елге мұңын шаққан Мұратхан Тоқмәди тағы қандай құпияның бетін ашты?
Мұратхан Тоқмәдимен кездесіп көрмегенмін, тіпті танымаймын. Бұл – желіде жүрген Әблязовтың жазбасы. Ол: «Бұрынғы бизнесмен Мұрат Тоқмәдимен ешқандай байланысым болған жоқ», – деп ақталып еді. Алайда «Хабар» арнасынан қалың көпшілікке жол тартқан «Большая неделя» бағдарламасында бұл дыбыстық жазба теріске шығарылды. Түрмеден тікелей байланысқа шыққан Мұратхан Тоқмәди барлығын бүкпесіз баяндады. Тіпті екеуінің кездесіп, Әблязовтың Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген жері де көрсетілді.
Мұратхан Тоқмәди, жазасын өтеуші:
- Біз міне осы жерде кездесіп қалдық. Ол маған Ержан Тәтішевтің тірлігі туралы баяндап берді. Айтуынша, ол Мұхтарға кедергі келтіріп жатыр екен. Сондықтан оны өлтіріп, банк билігін өз қолына алмақшы екен. Осы жөнінде маған көмектесуімді сұрады. Сәйкесінше, ол да «маған көмек қолын созамын» деп уәде берді.
Тәтішев пен Тоқмәди арасында жанжал болған. Мұны ұтымды пайдаланған қашқын банкир өз ойын іске асыруды көздейді. Мұхтар Әблязов қаржылай қиындыққа ұшыраған Мұратханға өтінішін орындауды сұрайды. Ал егер айтқанын істемесе: «Өлтіремін, отбасыңды қаматамын деп бопсалады», – дейді жазасын өтеуші.
Мұратхан Тоқмәди, жазасын өтеуші:
- Арнайы қызметтер Ержан екеуміздің қарым-қатынасымыз туралы бәрін білетінін айтты. Яғни біздің тек аң аулауда ғана емес, өмірде де жақсы араласатынымыздан хабардар еді. Мені және менің отбасымды қорқытты. Егер келіспейтін болсам, өлтіремін немесе қаматамын деді.
Айта кетейік, Ержан Тәтішев 2004 жылдың желтоқсанында аң аулап жүргенде қаза тапты. Яғни аңды қуып жеткен кезде ол қаруды Мұратхан Тоқмәдиге берген. Сарапшылардың сол кезде жасаған қорытындысы бойынша, көлік ойық жерге түсіп, қару өздігінен атылған. Яғни «қайғылы оқиға» делінген еді. Кейін Тоқмәди оны өлтіргенін мойындады. Бұл оқиғаның қаншалықты шындыққа жанасатынын, марқұм Тәтішевтің оққағарынан артық ешкім білмейді. Міне, ол араға талай жыл салып студияда төбе көрсетті.
Сергей Козликин, Ержан Тәтішевтің бұрынғы оққағары:
- Бұл кездейсоқ жағдай емес. Расында қасақана өлтірді. Менің сол жағымнан оқ атылды. Артыма қарасам қару ұстаған Тоқмәдиді көрдім. Ол кезде бар ойым Ержанға көмектесу болды. Себебі ол өлім аузында жатқанын көріп тұрмын. Көлікті тоқтатып, Тоқмәдиді түсіруге тырыстым. Ол: «Мен қалай атқанымды білмеймін», – деп қолындағы қаруын тастап жіберді. Кейін: «Бұл істі өз мойныңа ал», – деп мені қорқыта бастады.
Бопсалаудан кейін Тәтішевтің оққағары Қазақстаннан көшіп кетеді. Бұл іс «қайғылы оқиға» деп есепке алынады. Негізінде мәліметтің анық-қанығын Сергейден артық білетін ешкім жоқ. Ал ол болса оқтың әдейі атылғанына күмәнданбайды. Мұны халықаралық сарапшылар да растап бере алады. Енді ол туралы толығырақ «Большая неделя» ток-шоуынан қайталап көрсеңіздер болады. Бағдарлама арна сайтына жүктелген.
Авторы: Бірлік Берікұлы