Ақтөбеде жеке үй салуға жер беру тоқтатылды
Өткен жылдары берілген аудандарда тұрғындар көгілдір отын, ауыз су мен электр жарығына қол жеткізе алмай отыр.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Облыс орталығынан 10 шақырым жердегі бұл елді мекен тұрғындарын жергілікті билік екіге бөлген. Бір жағында коммуналдық желілердің барлығы жүргізілген болса, екінші бетіне өркениет аттап баспаған. Жер телімдері екі жылдан астам уақыт бұрын үлестірілгенімен, жолдың оң жақ бетінде баспана тұрғызған жандар әлі күнге дейін от жағып, ауыз суды тасып ішуге мәжбүр.
Жер кезегінде 12 жыл бойы сарылып күткен Жақсылық ақсақал тиісті телімге қол жеткізгеннен бері күнделікті құрылыс басында жүр. Жасы 70-ке келгенімен, зейнеткер баспанасын өз қолымен тұрғызуға кіріскен. Алайда коммуналдық желілердің болмауы жұмысты едәуір кідіртіп тұр. Себебі электр жарығынсыз бірде-бір құрылыс техникасын қолдануға мүмкіндік жоқ. Балшық езетін суды да қаладан тасуға тура келеді.
Жақсылық Жахин, қала тұрғыны:
- Қабырғасын көтеріп қойып, төбесін жаптық. Енді коммуналдық желі жоқ. Сонымен отырмыз. Бірдеңе жасайын десең қорқасың. Барлығын ұрлайды. Ендігі жылы газ, жарық бәрі болатын шығар. Ең болмағанда жарық болса екен деп тілеп отырмыз.
Рауан-2 ауылында бос жатқан жер жоқ. Құрылыс қарқынды. Бірақ барлық үй коммуналдық желіден ада. Жалпы Ақтөбе қаласы маңындағы 20-дан астам елді мекенге тұрмыстық өркениеттің ізі жетпеген. Бұл салаға жауапты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары бар мәселе қаражатқа кеп тірелгендігін айтады. Ал 146 мың адамға жеткен жер кезегі тізімі болса күн санап ұлғайып келеді.
Жәнібек Қабылов, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Биылға жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 мың жер учаскесін табыстау жоспарланған болатын. Алайда коммуникациялық желілердің болмауына байланысты тоқтап тұр. Жыл басынан бастап бес мың адам кезекке тұрды. Кезекке қою тоқтатылған жоқ.
Бірінші кезекте іргетасы қаланып, баспана салуды бастап кеткен үйлер орталық жүйеге қосылуы тиіс. Бұл мақсатта жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Орташа есеппен 27 млрд теңге қажет. Қаражат бөлінсе құрылыс жұмыстары кешіктірмейді. Биылдың өзінде 9 жоба жүзеге асырылуда.
Болат Серіков, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Осы жылға бізде 9 жоба инженерлік желілер бойынша құрылыс монтаж жұмыстарын жүрігізуде. Ол – Бауырластар-1, Жаңа Қоныс-2, Бауырластар-3, «Думан» тұрғын массиві.
Тағы 35 жобаны жоспарлап, қағаз бетіне түсіруге байқау жарияланған. Алайда олардың барлығы тек газ бен электр жарығын жүргізуге ғана тиесілі. Ауыз судың болар-болмасын бүгінде дөп басып айтар жан болмай отыр. Себебі Ақтөбеде гидрологиялық зерттеу жұмыстары кеңестік кезеңнен бері жүргізілмеген. Ауыз су қорының жаңадан салынған шағын аудандарды қамтуға жетер-жетпесі белгісіз. Бұл да болса болашақта бас қатырар мәселеге айналары сөзсіз.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов