Қызылорда облысының әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
Сырбойылық мұғалімдер қауымына Ыбырай Алтынсарин атындағы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Облыс мектептерінің 60% жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіліп, компьютерлер 100% жаңартылды. Облыс бюджетінің ең көп бөлігі білім саласына бөлінеді. Ауыл мен қала мектептерінің алшақтығын болдырмау бағытында өңірдегі білім беру нысандарының барлығы толық кең жолақты интернетке қосылған. Ұлы мамандық иелерін құттықтаған облыс әкімі мұғалім әрі ұстаз, әрі инноватор-иннотехник болуы тиіс екендігін атап өтті.
Қуанышбек Ысқақов, Қызылорда облысының әкімі:
- «Ел ертеңі – жас ұрпақ қолында, ал ұрпақ тағдыры – ұстаздың қолында», – деп Елбасы бекер айтпаған. Халқымызда «ұстаз тәрбиесін алған», «ұстаз алдын көрген» деген сөздер бар. Ол «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып, ұстаз тәрбиесі биіктігін дәлелдеп тұр.
Білім саласындағы жаңа реформалар жаңартылған білім мазмұны, бес күндік оқу аптасына көшу, пәнді ағылшын тілінде өту ұстаздардан өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отыруды талап етеді. Осы ретте сырбойылық ағартушы қауым өкілдері жаңа жүйені шұғыл меңгеріп, білім беру үдерісіне енгізіп үлгерді.
Гүлшара Серікбаева, № 19 орта мектеп мұғалімі:
- Қазіргі жаңартылған білім мазмұнында тарихты оқыту емес, тарихпен оқытуды алға тартып отырмын. Тарихта көптеген ғұламалар, тарихи адамдар істерімен болашақ ұрпаққа дәріс оқып, тәрбие беріп, бойындағы ізгі қасиеттерді дарытсам деген үлкен үміт бар.
Шара аясында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына қатысып, Қобыланды батыр жырын жатқа айтып жарысқан үздік оқушылардың жетекшілеріне ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Байділдаев