Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөнінде міндеттер жүктеді
Қаланы дамыту мәселелеріне арналған мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке осындай талап-міндет жүктеді.
Елорда Есілдің бойына көшкелі халық саны 280 мыңнан 1 млн-ға жетіпті. Миллион тұрғыны бар қалаға айналу бұл – мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Өйткені инфрақұрылымды дамыту, қала маңындағы елді мекендердің жағдайын жасау, жұмыс орнын ашу секілді мәселелер туындайтыны анық. Қазіргі қала билігі аталған мәселені қал-қадірінше шешіп келеді. Бірақ қаланың архитектуралық келбетінен бастап, жолы, жылуы, кәріз жүйесі мен қауіпсіздігіне қатысты күрмеулі тұстар бар. Шикіліктерді Президент атап көрсетті, тапсырмасын берді.
Елорда елорда болғалы бітпейтін бір дау бар. Үлескерлер мәселесі. Қалада 49 нысанның құрылысы әлі тоқтап тұр. Проблеманы шешуге былтыр бюджеттен тиісті қаржы бөлінгенімен, шешілген түгі жоқ. Керісінше жергілікті билік берілген қаржыны игеріп үлгере алмай жатыр.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Көбінің жобалық-сметалық құжаты жоқ. Тұрғындарды алдаған алаяқтардың көбі қазір түрмеде отыр. Құжаттарын жоғалтып алған немесе иесіне бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы осы құжаттарды әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар.
Елордалықтардың есінде ме, жоқ па осыдан 9 жыл бұрын қалада жылу электр стансасын салу басталған. Нысанды жауаптылар төрт жылда аяқтауға уәде берген. Бірақ бұл құрылыс та жыл сайын кейінге шегеріледі. Содан бері бірнеше әкім ауысты, бірақ бір де бірінің тұсында бұл мәселе шешілмеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үшінші жылу электр стансасының пайдалануға берілмеуі қаладағы жылу энергиясының тапшылығын тудырып отыр. Салдарынан бизнестің дамуы баяулауда. Нысан осы жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ тағы бір жылға шегерілді. Жоба құны 40 млрд теңгеден асады. Ал сметалық құжаттың түзетілуіне байланысты жоба тағы 1,5 есеге қымбаттады. Сондықтан әкімдік мемлекеттік бюджет есебінен салынатын жобаларды дер кезінде аяқтауы тиіс.
Президент әбден жыр болған «Астана LRT» мәселесіне де тоқталды. Құрылысы тұралап тұрғанын айтпағанның өзінде, нысанды жобалауда да шикілік көп екенін де айтты. Шикілік емей не, өзіңіз ойлап көріңіз, жоба бас-аяғы 22 шақырым болса, ал тоқтайтын станциялар саны 18-ді құрайды. Жобаны қабылдап алғандар да жауапсыз қалмауы тиіс. Сосын Президент жаһандануды емес, тұрғындарға жайлылық туғызуды ойлау керектігін тапсырды. Ал жайлылық жаяу жүргіншілер өткелдерінен басталса керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қаланың көптеген ауданында жаяу жүргіншілер өткелі жоқ. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына қатер тудырады. Адамдар жолдан жүгіріп өтіп, жол қозғалысы ережесін бұзуға мәжбүр. Сіздер жүргізушілер үшін жағдай жасап, қала тұрғындарының қажетін ескермей отырсыздар. Жаһанданумен әуестенудің қажеті жоқ. Сіздер осындай дұрыс жобалармен айналысып, көпірлер, өтпелер салыңыздар.
Елордада соңғы жылдары жол-көлік апаттарының көрсеткіші 15%, зардап шегушілер саны 42% артқан. Автокөлік ұрлығы 20% көбейіпті. Сергектің сергектігіне күмән келтіресің осындайда. Президент «Бұл құрылғы тек жүргізушілерден айыппұл өндіру қызметін ғана атқарып тұр», – деді. Ал қаладағы қоқыс тастау мәдениеті қалыптаспауы – тұрғындарға сын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көшеде, пәтерде, үйлердің кіреберісінде өздерін лайықты ұстамайды. Азаматтарымыздың тұрмыстық мәдениеті болуы тиіс қой. Олар өздерін елордалық сияқты емес, қалалық өркениетке ешқандай қатысы жоқ адамдар сияқты ұстайды. Осыған орай түсіндіру жұмыстары болуы қажет. Егер біреулер ауылдан келетін болса, онда ол өзінің қалдықтарымен жұмыс істеп үйренсін, соны түсіндіріңдер.
Президент: «Құрылыс жүргізуде біркелкілік қажет», – деді. Әкімдікке қала көшелері мен ғимараттарды безендірудің бірыңғай дизайнын әзірлеуді тапсырды. Ал қаланың тазалығы мен оны күтіп баптауды аудан әкімдері бақылап отыруы шарт. Мысалы бізде 60 жыл бойы жөндеу көрмеген ескі ғимараттар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық теміржол ауруханасына 60 жыл бойы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Ғимарат апаттық жағдайда тұр. Бұл аурухана қаладағы халық ең тығыз орналасқан ауданның бірінде орналасқан. Сарыарқа ауданында 400 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Үкімет пен әкімдікке бұл проблеманы шешуді тапсырамын.
Елорданың нөсер-жауынға төтеп бере алмайтын тағы бір міні бар. Жаңбыр жауса, көшелер көл-көсір боп кетеді. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы билікке келмей тұрып та бірнеше рет көтерген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңбыр суы ағатын кәріз жүйесі жұмысы туралы бұған дейін бірнеше мәрте көтерілді. Тұрғындарға үнемі қолайсыздық тудырады. Бұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Жаңбыр кезінде жиналған судан үнемі Момышұлы даңғылы, Уәлиханов мен Бараев көшелері, Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшесіндегі тұрғындар зардап шегеді. Әкімдікке кәріз мәселесін шешуді тапсырамын.
Президент Әкімшілігіне елордалықтар тарапынан 770-тен астам арыз-шағым келіп түсіпті. Жергілікті биліктен тиісті жауабын ала алмаған жұрт әділеттілікті Ақордадан іздеуге мәжбүр.
Аида Балаева, ҚР Президентінің көмекшісі:
- Амалдары таусылған халық Ақордаға арыздануға мәжбүр. Мәселен, таяуда ғана атаулы әлеуметтік көмектен қағылған және несиесі өтеусіз қалған азаматша аудан әкімдігінен тиісті жауап ала алмаған соң, Ақорданың алдына келіп мәселесін талап етуіне тура келеді. Жергілікті биліктің жауапсыздығынан тұрмыстық мәселелер наразылық шараларына ұласып кетіп отыр.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Дәл бүгінгі күні қала сыртындағы көшелердің 20% жарық жоқ. Жолдардың тең жартысына асфальт төселмеген. Елорданың территориясына кіретін іргедегі елді мекендердің ешқайсысының жылу, кәріз желілері орталық жүйеге қосылмаған. Астананың әсем жерінде тұрып бұл туралы айтқан ыңғайсыз әрине, бірақ шындық солай. Бір нәрсені ескеру керек, елорданың дамуы ешқашан тек сол жағалаудың жағдайымен өлшенбеуі тиіс. Президенттің айтқаны да, халықтың қалауы да осы.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Өмірбек Ізімов