Хабар телеарнасы

Үкімет Семейдің 2020-2025 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасын қабылдады

Алдағы 5 жылда 56 іс-шараны жүзеге асыруға 260 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылмақ. 183 млрд теңге республикалық және жергілікті қазынадан, қалғаны жеке инвестициялар есебінен бөлінді. Бұл жобалар елдің рухани-мәдени ордасын қарқынды дамытуға ықпал етпек. Қаражат инженерлік инфрақұрылымды жетілдіріп, кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады.

Қала жұртшылығымен кездесуде Үкімет басшысы Семейдің дамуы үнемі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарында екенін атап өтті. Кешенді жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданып отыр. Кездесуде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық шаралары да пысықталды. Жұмыс сапары кезінде Асқар Мамин бірқатар кәсіпорынды аралап, отандық техникаларды көрді. Сонымен қатар жаңадан бой көтеріп келе жатқан Қарағайлы шағынауданындағы атқарылып жатқан шаруалармен танысты.

Әсемқан Досқожанов, ЖШС бас директоры:

- 500 жұмысшы істейді, оның бәрі біздің Семей колледждерінен, Шәкәрім университетінен келеді. Оңтүстік Кореяда, Беларусь, Ресей зауыттарында 25 баланы оқыттық. Атырау, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Жамбылда біздің автобустар жүр. Енді болашақта біз Ресейге көп автобус сатамыз деген жоспар бар. Келіссөздер жүріп жатыр. Бұйырса, шетелге де шығамыз деп отырмыз.

Николай Ушаков, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

- Жаңа Қарағайлы шағынауданында 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл 1400 пәтерді құрайды. Тағы 20 үй салынып жатыр. Ал келесі жылы 30-ға жуық көпқабатты баспана құрылысы басталмақ. Бұдан басқа әлеуметтік нысандар, спорттық сауықтыру кешені, мұз сарайы да бой көтеріп, жаңа шағынауданның көркін аша түспек.