Дариға Назарбаева мәслихат депутаттарымен кездесті
Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуінде осы өзекті мәселелер талқыланды. Көрші Ресейде ауылшаруашылық саласына 10%, Беларусьта 18% дейін демеу қаржы төленсе, Қазақстанда 3% екен. Отандық шаруалар оның өзін дұрыс ала алмай отыр. Күні бүгін Орал өңірінде 3,5 млрд теңге субсидия шаруаларға төленбей отыр. Жайық өзенінің тартылып бара жатқаны да айтылды. Сенат төрағасы бұл маңызды мәселенің мемлекетаралық түрлі жиындарда көтеріліп жүргенін айтып, Ресейге алдағы сапарында басты назарда ұстайтынын жеткізді.
«Жалпы өңірдің өзекті проблемаларын шешу үшін арнайы парламенттік тыңдау өткізу қажет», – деді Дариға Назарбаева. Әр аймақ басшысы өз жұмысы мен бюджеттің орындалуы туралы Парламентте есеп берсе, биліктің түрлі тармақтарының бірлескен іс-қимылы да тиімді болмақ. Көпті мазалаған жайттарды шешуге тек мәслихат емес, қоғамдық кеңестер де атсалысып жүр. Қазір елде 200-дей қоғамдық кеңес болса, БҚО-да 14 кеңес жемісті еңбек етуде.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы қоғамдық кеңестің маңызды мақсаты – елмен, халықпен жақын болып, олардың ой-пікірлерін мәслихатқа жеткізу, шешілмей жатқан проблемаларды көтеру, әкімдікпен бірге шешу жолдарын табу. Көзіммен көріп жатырмын, бірталай жұмыс істелуде. Қоғамдық кеңестер халыққа ең жақын азаматтар деп сенеміз.