Еліміздің 4 бірдей облысында дәрігерлер жетіспейді
Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер саусақпен санарлық. Сондықтан бір маман кей күндері 50 тіпті 60 адамды қабылдауға мәжбүр. Кейде сағаттап кезек күтіп отырған тұрғындардың бәрін қарап үлгермейді. Басшылық аталған мәселені шешу үшін биыл еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарының түлектерімен арнайы келісімшарт жасасқан. Алайда грантпен оқыған мамандардың тек бір бөлігі ғана сенімді ақтаған. Қалғандары құжатқа қол қойса да, еліміздің солтүстігіне еңбек етуге келмепті. Сондықтан емхана ұжымы аталған мәселені Денсаулық сақтау министрлігі қаперге алса дейді.
Жеңіс Әбілев, №2 емхананың бас дәрігері:
- Кадр мәселесін шешу үшін биыл еліміздегі жоғары оқу орындарымен 19 келісімшарт жасастық. Алайда тек бес маман ғана жұмысқа келді. Кейбіреулерімен тіпті байланыса да алмай қалдық. Ал олар кем дегенде үш жыл бізде еңбек етулері керек еді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені қаперге алса дейміз. Өйткені мамандар оқуға кеткен шығынды толықтай өтеп берулері тиіс деп ойлаймын.