Хабар телеарнасы

Елорда маңында экологиялық апатты жағдай қалыптасты

Sarybulak

«Анығын айтсақ, судың ластануына адамдардың өздері кінәлі», – дейді экологтар. Жұрт кәріз суы мен қоқыстарын осында төгетін көрінеді.

Шілде айының соңында қала әкімі Алтай Көлгінов Сарыбұлаққа арнайы барып, проблеманы өз көзімен көрді. Көрген-білгенін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, «Сарыбұлақ – бұл экологиялық апат» деп баға берген болатын. 2013 жылы белгілі бір бөлігін абаттандыру үшін сметалық құжаттар дайындалғанымен, істің соңына дейін бармағанын сынға алды.

Ал эколог Мұсағали Дуанбеков: «Бұл проблеманың нүктесін тек бақылау арқылы ғана қоя аламыз. Қажет болса, айналасында тұрған бағандарға бейнекамералар орнату қажет. Сонда ғана бір нәтиже болады. Өйткені өзен өзімен өзі ластанбайды, әлбетте тұрғындардың да тікелей қатысы бар», – дейді.

Мұсағали Дуанбеков, Халықаралық экология академиясының президенті:

- Иә, осы тұста болған. Біздің көзімізше кәріз машиналары келіп, сол жерде бір дөңгелек трубалар бар екен, соған келіп шлангаларын тығып жатты. Ал біз кәдімгідей шуылдап, жабылып, жаңағыны видеоға түсіріп, тоқтатып, ол бізден қашып, сондай бір қызық жағдай болған.

Сарыбұлақтың мұндай күй кешуі тек бір тараптың кінәсі емес. Тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен көреді, ал олар тұрғындардың өздерінен кінә іздейді. Бұл тізімге көлденең келіп кәрізін құйып кететін арнайы көліктерді қосыңыз.

Тоқтар Орпақов, қала тұрғыны:

- Енді көбінесе кісілер сол жақ маңайын ғана тазалайды да, қалған жерін тастап кетеді. Қыстыгүні соның барлығының беті жабылып қалады. Бірақ көктемге қарай қар ерігенде иіс деген масқара бұрқырап шығады.

Амантай Смағұлов, қала тұрғыны:

- Мына кісілерге не дейсің? Иә, көрдім. Қоқыстың бәрін осында лақтырады.

Біз барған сәтте Сарыбұлақтың арнасына алыстан лас су да ағып жатты. Бірақ арнайы маман мен жауапты орган өкілдерінің көмегінсіз ол судың қайдан және кімнен келіп жатқанын анықтау мүмкін емес. Бір білетініміз, бактерияға толы лас су қоршаған ортаға қауіпті.

Авторлары: Ерболат Қайыржан, Айбын Құсанбеков