Өскеменде 62 көпқабатты үйге жылу берілмеген
Енді оның кесірін тұрғындар тартып отыр. Жылуға қосылмаған үйлердің көбінде коммуналдық қарызы бар екені де анықталды.
Әбден тозығы жеткен екі қабатты бұл үйдің жылуы жылда жыр болады. Биыл да дайын болмай шықты. Тұрғындардың басым бөлігі үйді қысқа дайындау үшін жеке ПИК-ке қажетті қаржыны тамыз айында жинап берген. Бірақ нәтиже шамалы. Енді күндіз күншуақтап, ал түнде жылыту қондырғыларын қосады.
Надежда Щитикова, зейнеткер:
- Қашан қосылатыны белгісіз. Алдағы уақытта не болатынын білмейміз. Қазір күн жылы болған соң, шыдап отырмыз. Шығыстың суығын білесіздер ғой. Мына біз секілді қарт адамдар қалай шыдаймыз? Қазір ауырмаудың әрекетін жасап жүрміз.
Алина Мошкова, қала тұрғыны:
- Бұл біздің кінәміз емес екенін бәрі жақсы біледі. Тұрғындар болып жиналып, тамыз айында жылу жүйесінің қысымын тексертуге тапсырыс бердік. Әлі күнге дейін істелген жоқ. Қазір 8 айлық нәрестемді тоңдырмас үшін электр пешті қолданып отырмын.
Қаланың шетіндегі көпқабатты бұл үйдің жылу жүйесін реттейтін 100-ден аса бұранда қолды болған. Осы маңдағы басқа баспаналарға жылу қазанның екісінде берілген. Тек 100 пәтрелі осы үй ғана қосылмаған. Енді қолды болған құрылғыларды қайта орнату үшін тұрғындар қаржы жинап жатыр.
Владимир Семенов, жеке ПИК төрағасы:
- Ұрланған бұрандаларды қайта сатып алып, орнату үшін тұрғындар қаражат жинады. Қазір біртіндеп жұмысты бастадық. Бірақ жылу жүйейсіне қажетті құрылғыларды толық орнату үшін аз дегенде 10 күн кетеді.
Жалпы жылу өскемендіктерге биыл былтырғыдан ерте берілді. Бірақ қала бойынша 62 үй қосылған жоқ.
Талғат Қайыркенов, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ техникалық директоры:
- Қосылмағандардың негізгі себебі керекті минималды жұмыстарын атқарған жоқ. Ішкі жылу жүйесін гидравликалық сынақтан өткізу керек. КСК-ның тұрғындармен өздерінің арасындағы келіспеушілік болуы да мүмкін.
Келіспеушлік бары рас. Қазір ПИК-ке кейбір тұрғындар шаш етектен қарыз. Негізінен осы берешегі бар үйлер қысқа дайын болмай шықты.
Фархат Жыйлыбаев, қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім жетекшісі:
- Дәл бүгінге дейін қала бойынша тұрғындардың ПИК-ке қарызы 237 млн теңгені құрайды. Бұл – шамамен 30 мың пәтер.Техникалық тұрғыда дайын емес үйлер жылуға қосылмайды. Ертең ол үйлердің жылу жүйесінен ақау шығып, апат болса, жауапкершілікті кімнен сұраймыз?!
Аймақта қазан айы жылы басталды. Бірақ оған қарамастан әлеуметтік мекемелерге жылу толық берілді. Ал алда қарашаның қара суғы тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан. Дмитрий Пыхтин