Павлодарда 4 студенттік жатақхана салынып жатыр
Екеуі колледж, тағы екеуі жоғары оқу орындарына арналған. Соңғы екі нысан жаңа стандарт, яғни инвестор, университет және қаржылық институт консорциумы негізінде бой көтеруде. Мақсат ортақ – жатақханаларда орын тапшылығын жою.
Джозеф Огупекан көрші ауылдан емес, сонау Нигериядан келген. Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті. Болашақ сәулетші ел қатарлы жатақханада тұрады.
Джозеф Огупекан, студент:
- Ертіс өңірі техникалық мамандықтарды даярлауда көш басында. Сондықтан Павлодарды таңдадым. Жатақханам бар, ыңғайлы. Оқытушыларым көңілімнен шығып жатыр. Оқумен қатар қазақтардың мәдениетін де зерттеудемін.
Жоғары оқу орнында екі жатақхана болғанымен, тапшылық 900-ден асып жығылған. Сондықтан бесқабатты жаңа нысан салынып жатыр. Ғимаратқа бір гектардай жер бөлінген.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ертіс өңірінің бас университетінің иелігінде 860 орындық екі жатақхана бар. Дегенмен бұл нысандар орын тапшылығын жоймай келеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл 600 орындық тағы бір ғимараттың құрылысы басталды. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары келер жылдың наурызында аяқталуы тиіс.
Серғалы Мұхамеджанов, мердігер компания өкілі:
- Кірпіш өзіміздікі және екібастұздық кірпіштен салып жатырмыз. Бригадасы 20 адам. Материалдар жеткілікті.
Ерекшелігі сол, жоба университет, инвестор мен қаржылық институттың ортақ келісімшарты негізінде жүзеге асады. Бұған мемлекет араласпайды. Осы жатақхананы салуға 1 млрд 200 млн теңге қарстырылған. Нәтижесінде тапшылық мәселесі 85% шешілмек.
Мейрам Бегентаев, Павлодар мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы:
- Инженерлер жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Типтік жобаға қарағанда 100 млн теңгеге арзан, сыйымдылығы 100 орынға артық. Сондықтан бұл құжаттаманы таңдадық. Студенттердің қатары жыл санап артып келеді. Тұратын жер қажеттілігін өтеуіміз керек.
Педагогикалық университетте де тапшылық бар. 700-дей жас жатақхана кезегінде тұр. Мәселені біртіндеп шешу үшін бұрынғы жатақхана қалыпқа келтіріліп, 176 студент орналастырылды.
Ғабит Хафиз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің департамент басшысы:
- Бұл да студенттердің қажеттілігін толық қамти алмайды. Себебі студенттердің саны өсіп келе жатыр. Сонымен қатар кез келген студент жатақханада тұрғанын қалайды.
Оқу орны 550 орынға шақталған студенттер үйінің құрылысын бастады. Нысан келесі жылдың көктемінде қолданысқа беріледі. Айта кетейік, бүгінде өңірдің жоғары оқу орындарында тұру тарифі елімізде ең арзан. Жылдық бағасы 80 мың теңгені құрайды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков