Спорт жаңалықтары: EURO-2020, спорттағы дау, шайбалы хоккей
Михал Билек шәкірттері Кипрге қарсы ойнайды. Бұл қос команданың EURO-2020 додасына іріктеу кезеңіндегі екінші кездесулері болмақ. Алғашқы ойында ұлттық құрама жігіттері Никосияда алаң қожайындарымен тең түскен болатын. Енді футболшылар өз жерімізде жеңісті қолдан жібермеуге барын салмақ. Бұл ойында алаңға Юрий Логвиненко мен Нұралы Әліп шықпайды. Қос ойыншы жарақат алған. Михал Билек олардың орнына Тобылдың қорғаушылары Дмитрий Мирошниченко мен Виктор Дмитренконы шақырды. Ойыншылардың әуселесін ертеңгі ойын көрсетеді. Тағы Абат Айымбетов пен Алексей Щеткин де жарақат алып отыр.
Олимпиада чемпионы қазақстандық Александр Винокуров пен ресейлік Александр Колобневтың ісі бойынша сот отырысы қазанның 22-сіне шегерілді. Естеріңізге сала кетейік, қос спортшы сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталып отыр. Нақтырақ айтқанда, 2010 жылы «Льеж – Бастонь – Льеж» веложарысында Александр Винокуров Колобневқа 150 мың еуро ақша беріп, оның қазақстандыққа ұтылып қалуын сұраған. Бірақ бұл деректі екі спортшы да жоққа шығарған. Енді кеше Бельгияның прокуратурасы Олимпиада чемпионын 6 айға түрмеге қамауды сұрады. Бұл іске қатысты үкімді Льеж соты қазанның 8-і күні шығаруды жоспарлаған, алайда жұмыстың көптігіне байланысты ол қазанның 22-сіне шегеріліп отыр.
Алматыда шайбалы хоккейден қыздар командалары арасындағы ел чемпионатының І тур ойындары өтуде. Елімізде қыздар хоккейінің көсегесі көгермей тұр. Алматының «Айсұлуы» мен Астананың «Томирисі» жүлдені кезек бөлісіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Биылда бұл екеуінің алдына түсетін қарсылас көріп тұрған жоқпыз. Ұлттық біріншілікте бар болғаны 5 команда. Ел біріншілігінің дебютанттары «Барстың» да шамасы белгілі болды. Виктория Сазонова жаттықтыратын Алматы облысының хоккейшілері алдымен 1:12 есебімен жергілікті «Айсұлуға» тізе бүксе, кейін Өскеменнің «Торпедасынан» тас-талқан болып ұтылды.