Хабар телеарнасы

Ақтауда әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаев атындағы мұражай ашылды

Дәл осы мәдени нысанның алдына жазушының ескерткіші орнатылды. Қазақ әдебиетінің абызына арналған шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты.

Бұл – Каспий жағалауындағы 20-дан астам демалыс базасымен «мен мұндалап» тұратын Ақтау. Бүгінде шаһардың тыныс-тіршілігінің қызғаны 184 мыңнан асқан халқының санынан-ақ белгілі. Халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай мен өзге шикізаттарды тасымалдайтын еліміздегі жалғыз порт Ақтаудың сәулеті тағы бір еңселі нысанмен толықты.

Қалижан Міркәрімов, мұражайдың бас инженері:

- Мұражайдың аумағы 49 500 шаршы метр. Ортасында Әбіш Кекілбаевтың қазақ үйі тұрады. Бұл – оның ерекшелігі. Сол қазақ үй шаңырақ болып қайталана береді, ортасы дөңгелек. Қалған жақтары да жартылай дөңгелек және бір жағы тікбұрышты.

Қалижан Міркәрімов айтпақшы, бұл – күллі маңғыстаулықтардың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатқан әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында жасалып жатқан ауқымды шара. Біртуар тұлғаның бағындырған шыңы, еліміздің саяси өміріндегі атқарған рөлі, нағыз талантқа тән қайталанбас тағдыры мен жазушылық рухы бұдан былай туған топырағындағы мұражайдан үн қатып тұрады.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Мына мұражай – 11 шақырым аумақты алып жатқан Әбіш Кекілбаев мәдени кешенінің бір ғана бөлігі. Құрылыс жоспарына сай, келесі жылы оның құрамына кіретін ірі кітапхана мен театр да іске қосылуы тиіс. Егер кешен құрамындағы нысандар өз жұмысын уақытында бастаса, 70-ке жуық адам толыққанды жұмыс орнымен қамтылады деген сөз. Яғни экономика ғана ілгерілеп қоймай, өңірдегі мәдени сала да қарыштай бермек.

Мұражайдың кіреберісіндегі көзге оттай басылатын жайлауда жайбарақат отырған бала. Бұл – жастайынан білімге құмар бала Әбіштің бейнесі. Оның сол жағында шағын лашық тұр. Бұл – жазушының туған жері Оңды ауылындағы кіндік қаны тамған баспанасы. Ауылдастары: «Оңдыдағы орта мектепті тарихи тұлғаның есімімен атадық», – дейді.

Мыңберген Қаратауов, Ә.Кекілбаев атындағы Оңды орта мектебінің директоры:

- Балаларымыз жақсы. Жылда түрлі байқауларға қатысып тұрамыз. Әбіш Кекілбаев жайлы ашық сабақтар, жарыстар жүріп жатыр. Соған қатысып, жүлделі орындар алып жүргендер де бар.

Оңдылықтар мектепке қайреткердің есімін берумен шектелмеген. Елін сүйген ердің әр шығармасында дәріптеген қазақы дүниелерді жинап, шағын мұражай ашқан.

Күнімкүл Саржанова, Оңды ауылы Ә.Кекілбаев атындағы музейдің жетекшісі:

- Әбіш Кекілбайұлының шығармаларында кездесетін мынау жүкаяқ, сандықша, бұлардың барлығы да біздің ерте кездегі қазақ халқының ұстаған дүниелері. Одан кейін Әбіш Кекілбайұлының туған жері Оңды елді мекенінің оңтүстігінде орналасқан Басқұдығының макеті. Яғни осы жерде Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, мұнда танымал тұлғаның бүтін ғұмырын тоғыстыру оңайға соқпауда. Себебі осы нысанның ішінде жазушының шығармашылығы, саяси өмірі, достарымен қарым-қатынасы, тіпті балалығы да бар. Мәселен, мына әйнектің ар жағындағы ақпараттан абыз жанның саяси өміріндегі мүлдем басқа бейнесін көруге болады.

Қоғам мен мемлекетке теңдей тер төккен тау тұлғаның туған топырағындағы мәдени ошақтың орны бөлек. Көзге де ыстық көрінеді. «Оқырмандар бұл арадан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты кез келген сауалға жауап таба алады», – дейді мамандар.

Ғалия Шынтемірова, мұражайдың ғылыми-әдістемелік сектор меңгерушісі:

- Әбекең өзі өмір бойы әкесінің қаза тапқан жерін іздеуде болды. Сонымен көп жыл бойы табылмай, өзінің ең алғашқы «Алтын ұшақ» деген өлеңдер жинағында әкесіне өлең арналған. Осы экспозицияда көрсеттік. Ал биыл Смолинск облысында Қоқымов Кекілбайдың жатқан жері табылды. Оның фамилиясы тек теріс жазылған екен. «Коконов» деп жазылып кетіпті Қоқымовтың орнына.

Көркем сөздің шын шебері, парасаты биік, текті тұлғаның құрметіне бой көтерген мұражайды өзі келіп ашқан Президент те қайраткердің қоғамға сіңірген ерен еңбегін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбаевтың тау тұлғасының артықшылықтарын атай келе: «Жастар арасында патриотизмді күшейту қажет», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан патриотизмі үш тұғырға негізделуі керек деп санаймын. Ең алдымен патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды.

Ал патриотизмді дамыту үшін көптеген тарихи деректің жастар арасында насихатталуы қажеттігін нұсқады. «Мәселен, 750 жыл бұрын Алтын Орданың қазақ жерінде құрылғаны бұған айқын мысал бола алады», – деді ол. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырында сапалы еңбектер қалдырған жазушы, қайраткермен етене араласып, сыйласқанын да айтты. Әрі мемлекеттік идеологияға дұрыс бағыт-бағдар беріп, халқына сүйеу болған азаматтың қайраткерлік тұстарына да тоқталды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әбіш Кекілбаев тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайреткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы кісілердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Иә, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген жазушы саяси сахнада да таразы басын тең ұстады. «Халықтың қамын ойлаумен қатар, шығармашылықты шет қалдырған жоқ. Әрі айналасында дара да дана тұлғалармен толтыратын, жақын достарының бірі Елбасы еді», – дейді оның өмірлік жары.

Клара Жұмабаева, Әбіш Кекілбаевтың жары:

- Әбіш түртті. «Сен шақыр, сен шақыр», – деді. Сосын тұрып шақырдым. Кешіріңіз Нұреке, біздің үйде үлкен кісі бар ғой. Сондықтан мына кісілердің алдына шығып айтып отырмын. Бізге барайық. Дәл осылай айттым.

Клара апамыз айтқандай, қиын-қыстау кезеңде достарынан қол үзбеу – Әбіш Кекілбаевтың оң қасиеттерінің бірі. Мұны ақтаулықтармен жүздескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді. Заңғар жазушыны Елбасымыз қазақтың әлем алдындағы беткеұстар ірі тұлғаларының бірі деп бағалаған.

Осылайша абыз жанның жерлестерімен жүздескен Президент Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты. Ал осындай тұлғалардың асыл мұрасы мен ізеттілігін жоғалтпау үшін ел рухын көтеретін шараларды атап өту керектігін айтты. Осы себепті алдағы уақытта Ұлы Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы жоғары деңгейде тойлануы қажет деп түйді.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Азамат Сәметов, Асхат Азретханов