Қарағанды облысындағы көпқабатты 33 үй жаңа қазандықтарға қосылды
Осылайша жергілікті билік қауіптің алдын алып отыр.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Шахан кентінде жылыту қазандығы жарылып, 9 адам мерт болған еді. Қайғылы оқиғадан соң өңірде жертөледегі пештерді жаппай сыртқа көшіру жұмысы басталған болатын. Игі шаруа Шет ауданының Ақадыр кентінде де қолға алынды.
Қазір мұнда бас-аяғы 100-ге жуық көпқабатты үй болса, соның 12-сінің жертөлесінде үлкен пеш орналасқан. Бұл тұрғындар үшін аса қауіпті. Сондықтан бірінші кезекте дәл осы баспаналар қамтылды. Сондай-ақ қазандықтың қуаты жеткілікті болған соң, маңайдағы тағы 21 үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Алайда бұл кенттегі үйлердің үштен бірі ғана. Қалғаны кезең-кезеңімен қосылады.
Айта кету керек, бастапқыда жобалау-сметалық құжат жасағанда тізімге енбей қалған 4 үйдің тұрғындары бас көтеріп, бұл жайында арнамыздан сюжет көрсетілген болатын. Кейін мәселе оң шешіліп, жергілікті билік қосымша қаржы тауып, ол үйлерді де жылуға қосты.
Айман Қайрамбекова, Ақадыр кентінің тұрғыны:
- Пешіміздің барлығын сыртқа шығарып, орталықтандырылған жылуға қосылып отырмыз. Ризамыз. Айтқан уақытында барлығын шығарып, 5 қазанда қосатындарын айтты. Енді міне соны қосып беріп отыр. Шынымен бізге үйде пеш жағу, көмір кіргізу қиын болған. Көпқабатты үйде мүмкіншілік жоқ және кішкентай ас бөлменің өзінде мына жерде пеш тұрса, мына жерде газ тұрады. Қай уақытта атылып кетеміз деп отыратынбыз.