Елімізде өзіне өзі қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті
Кешенді шаралардың нәтижесінде аймақтағы емханалардың жанынан психологиялық денсаулық орталықтары ашылып, мамандар желісі айтарлықтай кеңейді. Осылайша азаматтардың өзіне өзі қол жұмсау, күйзеліске ұшырағандардың мамандар көмегіне жүгіну оқиғалары жиілеген.
Зейнеткер Роза Қошқарбаева өмір бойы медбике болып жұмыс істеген. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстанда әскери қызметте болған. Бір жарым жыл бұрын жан жолдасы көз жұмып, күйзеліске ұшырады. Қазіргі уақытта білікті мамандардың қамқорлығында.
Роза Қошқарбаева, қала тұрғыны:
- Бұл бөлімшеде екінші рет ем қабылдаудамын. Жанымның жарасын өзім емдей алмағандықтан, мамандар көмегіне жүгіндім. Бірте-бірте өз-өзіме келіп жатырмын. Психологиялық көмек алудан қорықпау керек. Бұл – қоғамымыз үшін аса маңызды мәселе.
Бүгінде диспарсерлік есепте 9 мың азамат тұр. Бұл – неврологиялық ауруы асқынып кеткен жандар. Мамандардың айтуынша, адамның психологиялық жағдайы тұрақсыз әрі ештеңеге зауқы болмаса, бұл дәрігерге баруға сеп болуы тиіс. Депрессияға көбінесе білім беру, экономика, ішкі істер органының өкілдері ұшырайды.
Абай Темірғалиев, Психоневрологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары:
- Біздің ел ұялады, менталитет дейді ғой. Біз психдиспансерге барсақ, көріп қойса, жынды деп ойлайды. Сол себептен әрбір емханада психолог, психотерапевт, нарколог отырады. Барады да өзінің ойын, қандай ауруы бар, қандай мәселе бар айтады. Оны көбінесе дәрігерлер шешеді.
Облыста психологиялық қызметті реформалаудың басталғанына көп болған жоқ. Психоневрологиялық орталықта осы жылдың мамырында невротикалық ауытқулар бөлімі ашылды. Мамандардың айтуынша, бір айда 100-ге жуық азамат келеді. Көмекке зәру адамдар үшін шұғыл желі де іске қосылған.
Светлана Столяревская, психолог:
- Зымыраған уақыт заманының көшіне ілесу қиынға соғады. Депрессияға ұшыраудың бір себебі осы. Жұмыс барысындағы күйзеліс те денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.
Былтыр 151 павлодарлық өзіне қол жұмсаса, 400-ге жуығы өмірімен қоштасуға әрекеттенген. «Бұл тап сол күйзеліске түсудің әсері», – дейді мамандар. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 112 қайғылы оқиға тіркелген. Мамандардың айтуынша, қоғамның бұл ғасыр дертінің де алдын алуға болады. Тек дәрігерге уақытында көрінсе болғаны.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков