Атырауда соңғы 2 айда 42 бала шетінеген
Вице-премьер атышулы медициналық мекеменің жұмысымен танысып, қызметкерлерден есеп алды.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың Атырау облысына жұмыс сапары өңірдегі атышулы перинаталдық орталықтан басталды. Естеріңізде болса, аталған мекемеде соңғы кезде бала өлімі жиі тіркелген.
Тамыз айында облыстық перинаталдық орталықта орын алған теріс динамика көпшіліктің жағасын ұстатқаны рас. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне мән-жайды анықтау бойынша тікелей тапсырма берген болатын. Ведомство басшысы Елжан Біртанов орталық дәрігерлеріне қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары тек заң шеңберінде жүргізілетінін айтты.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бала өлімінің себептерін анықтап, зерттеп, күрделі нақты шараларды қабылдау қажет. Осы облыстық перинаталдық орталықтың мамандары 30-дан астам дәрігердің жұмыстан шығуы бойынша ұсыныс айтты. Дәрігерлерге тағы да айтатыным: барлық қылмыстық іс бойынша зерттеулер заңды түрде болу қажет.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев орталықтағы статистиканың көңіл көншітпейтінін айтып, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваны сұрақ астына алды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Осы орталықта өткен 9 ай ішінде 99 бала қайтыс болған. Бұл көрсеткіш – осы орталықта туған балалардың 14%.
Мәншүк Аймұрзиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бала өліміне қатысты іс үнемі күн тәртібінен түспейді. Оның себептерін ай сайын қарап отырмыз. Бірақ кей айларда жағдай біршама жақсарды. Ал кейде шектен тыс көп жағдайлар тіркелді.
Басқарма басшысының айтуынша, жергілікті денсаулық сақтау саласына жеткілікті қаражат бөлініп жатыр. Бүгінгі күні орталықта 434 қызметкер бар. Оның 62-сі – дәрігер. Орталықта ана мен бала үшін қажетті барлық бөлім мен зал қарастырылған. Бірақ басқарма басшысы кейбір мамандар бойынша тапшылықтың бар екенін жасырмады.
Мәншүк Аймұрзиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мамандар жеткілікті деп айтуымызға болады. Бірақ әлі күнге дейін неанотолог пен реаниматологтар жетіспейді. Жалпы жағдай жаман емес. Реанимацияда 6 дәрігер жұмыс істейді. 8/16 сағаттық жұмыс кестесіне сүйенуге тура келеді.
Бердібек Сапарбаев орталық дәрігерлеріне жұмысына адал болып, азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау міндетін бірінші орынға қою керектігін қадап айтты.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Сіздер міндеттеріңізді атқаруларыңыз керек. Еш нәрсеге уайымдамауларыңыз қажет. «Мен өзімнің міндетімді Қазақстан Республикасы заңына сәйкес орындаймын» деп адамдардың өміріне байланысты ант қабылдайсыздар. Осы уақытқа дейін қалай жұмыс істесеңіздер, ары қарай солай жалғастыру керек. Заңға сәйкес ақ-қарасына жету қажет. Бұл қылмыстық заңға сәйкес жүргізіледі.
Айта кетейік, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының деректерінше, бұл орталықта тәулігіне 25-35 бала дүниеге келеді. Күніне дәрігерлер 8-12 операция жасайды. Жыл басынан өңірде 12 403 бала туып, туу көрсеткіші соңғы 2 жылда 500 балаға артты.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Рахманбердиев