Әке мен шеше арасындағы кикілжің сырқат балаға кесірін тигізуде
Ерлі-зайыптылар дүние-мүлкін бөлісе алмай соттасып жүргенде, олардың балалары аутизммен ауыратын 11 жасар Айдардың денсаулығы күн санап нашарлап барады. Анасының айтуы бойынша, қазіргі таңда бала Германияда ем алуы керек, ал әкесі оның шетелге шығуына қолхат бермей отыр.
11 жасар Айдар бала күннен аутизммен ауырады. Оған жылы климат пен үздіксіз ем алу керек. Осы күнге дейін Лейла Исенғұлова баласын шетелде емдетіп келген еді. Бірақ елге оралған соң, ол өзінің үйінен, тіпті күйеуінен айырылып қалғанын біледі.
Лейла Исенғұлова, баланың анасы:
- Үйге кіре алмадым. Сондықтан амалсыздан құлыпты бұзып едім, күйеуім мен полиция келді. Бұрынғы күйеуім дегенім дұрыс шығар. Себебі ол қолыма біздің ажырасқанымыз туралы қағазды ұстатты. Әрине, таңғалдым. Себебі бұл туралы маған ешкім ешнәрсе айтпады.
Осылайша мүгедек баланың күтімімен айналысуы керек ана қазір пәтер жалдап, соттың табалдырығын тоздырып жүр. Ал Айдардың қал-жағдайы күн өткен сайын нашарлап келеді. Оның тәбеті қашып, салмағы азая бастаған. Дәрігерлер балаға тез арада ем қажет екенін айтып отыр.
Лейла Исенғұлова, баланың анасы:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, қорғасынның ағзада шамадан тыс болуы ақыл-естің тежелуіне ғана емес, асқазан-ішек жолдары жұмысының да бұзылуына алып келеді. Ал нәтижесі бала үшін қиын болары анық. Қазірдің өзінде баламның күн мен түні ауысып кетті. Ұйқысы қашып, мазасызданып жүр. Баламның анализ тапсыратын уақыты да келді. Бірақ Қазақстанда кейбір күрделі талдаулар жасалмайды. Ал шетелге шығуға мүмкіндік бермей отыр.
Лейла Исенғұлованың айтуынша, баланың шетелге шығуына оның әкесі қарсы болып отыр.
Жүнісбай Қадырханов, Лейла Исенғұлованың қорғаушысы:
- Мен баланың әкесімен кездесіп, сөйлестім. Балаңыз шетелге барып емделу керек деп едім, ол: «Біз дүние-мүлікті бөлісу туралы нақты шешімге келмедік. Егер де баланың анасы үй мен көлікті дауламаса мен де баланың шетелге шығуына рұқсат беремін. Егер келіспесе, бұл тақырып қозғалмайды», – деді.
Бұл мәселе сот арқылы шешілді. Әкесі науқас баланың шетелге шығуына рұқсат берген. Бірақ бар-жоғы 1 тәулікке ғана екен.
Аружан Саин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Қолында қаржысы жоқ болса да, анасы баласының ем алуына барлық жағдай жасауда. Биологиялық әкесін әкелік құқығынан да айырғысы келіп отыр. Себебі басқа амал жоқ. Балаға тез арада медициналық көмек керек.
Ал Айдардың әкесінің қорғаушысы өз жауаптарын берді.
Дмитрий Созонов, қорғаушы:
- Баланың әкесі Айдардың шетелге шығып, ем алуына еш қарсылығы жоқ. Тек оның анасы қай елге, қандай клиникаға, қандай дәрігерге апарып емдететіні туралы толық ақпарат бермей отыр. Егер екі тарап арасындағы келісімшартты көрсетсе, біз қаржылай да көмек беруден қашпаймыз.
Бұл отбасылық дау-дамайдың қашан, қалай аяқталары белгісіз. Белгілісі екі ортада емінен қол үзіп қалған, жазықсыз мүгедек бала жапа шегіп отыр.
Авторлары: Алуа Маханбет, Александра Салмина, Валентин Лобанов