Президент ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысында осындай ұсыныс айтты. Қазақстан Республикасының Президенті: «Ұйымға мүше мемлекеттерде көрікті орындар көп», – деді. Бірақ түрлі кедергінің кесірінен көп туристің келгісі келмейді. Сондықтан жүйені жеңілдетіп, шеттен келетін адамдардың санын арттыруға баса мән беру керек.
Түрікменстан астанасында ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Төрағалық тізгіні биыл түрікмендерге берілді. Маңызды мәселелер талқыланған бұл мәжіліске 8 елдің басшысы және Арменияның премьер-министрі қатысты. Тараптар алдымен шағын құрамда жиын өткізді. Күн тәртібіндегі өзекті әрі өткір мәселелерді талқыға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ны дамытуға арналған арнайы концепция әзірленген. Бұл құжат ұйым қызметін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мен осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырамын.
ТМД алып құрлықтағы алпауыт ұйымға айналуы керек. Басты мақсат осы. Бірақ қаржы қысқан қазіргі кезде мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түсе бастағандай. Осыған дейін тараптар арасында сауда-экономикалық серіктестік орнату жөнінде уағдаластық болған. Бірақ кейін Әзербайжан мен Түрікменстан бұл ойдан айнып қалды. Грузия тіптен шетке кетті. Ал Украина ресейліктермен тіл табыса алмай әлек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2011 жылы ТМД аумағында еркін сауда аймақтары құрылған. Соның көмегімен елдер арасындағы тауар айналымы біршама жақсарды. Бірақ осы жүйені әлі де дамыту керек. Әсіресе кедендік және әкімшілік кедергілерді жоюға жіті мән беру қажет.
Кедергіден кесір көріп жатқандар көп. Сондықтан осындай олқылықтың орнын цифрлық жүйе толтыратын еді. Электрондық сауда жанданса, ұйымға мүше мемлекеттер толайым табысқа кенеледі. Өткен жылы әлемде электронды сауда көлемі 1,8 трлн доллларға жеткен. Мамандар: «Алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 2,8 трлн долларға дейін ұлғаяды», – дейді. Сондықтан жаңа тәсілді кәдеге жарататын кез жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ТМД ұйымына мүше мемлекеттердің әлемдік электронды саудадағы ортақ үлесі небәрі 1% құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеу қажет.
ТМД ұйымына мүше мемлекеттерде көрікті орын көп. Бірақ визалық және миграциялық жүйенің кесірінен көп турист сұлу табиғатты тамашалай алмай кетеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ визалық жүйе қалыптастыру қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ТМД аумағында ортақ визалық жүйе енгізу керек деп ойлаймын. Оны Шенген келісімі негізінде әзірлеу қажет. Егер осы бастама қолдау тапса, өзге мемлекеттерден келетін туристердің саны артар еді.
Өзге елден келіп, жаза басып жатқандары да жоқ емес. ТМД аумағында істі болған яки шартты түрде сотталған адамдар өз елдеріне қайтарылмайды. Қазіргі талап сондай. Бірақ кеңестің кеңейтілген отырысында осы талапқа өзгеріс енгізілді.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Осы күні Қазақстан аумағында тәртіп бұзып, істі болған өзге мемлекеттің адамдары шетке шығарылмайды. Кеңес мүшелері шартты түрде сотталған немесе абақтыдан мерзімінен бұрын босаған адамдарды еліне қайтару туралы ұсыныс айтқан. Осы отырыста бұл мәселе қайта қаралды. Жоба жүзеге асса, істі болған адамдардың өз еліне қайтуына, жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізуіне мүмкіндігі болады.
Қазір Қазақстанда осылай істі болған 450 шетелдік азамат бар. Олар елдеріне қайта алмай сенделіп жүр. Арнайы конвенцияның қабылдануымен олардың мәселесі көп ұзамай шешімін таппақ. Алқалы жиында тағы бір декларация қабылданды. Ұйым қызметін жетілдіруге бағытталған маңызды құжатты түрікмен тарапы ұсынған.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
- Бұл құжат 1 жыл көлемінде әзірленді. Оны дайындау үшін білікті мамандар, сақа сарапшылардың көмегіне жүгіндік. Аталған декларация ТМД елдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы дамытуға, өзара алыс-беріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Келер жылы ТМД аумағында Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Сұрапыл соғыста жаудан тайсалмай, кеудесін оққа тосқан батыр бабаларға құрмет көрсету – кейінгі буынға парыз. Сондықтан атаулы күн атаусыз қалмайды. Жиын соңында кеңестің кезекті отырысы Ташкентте өтетін болып келісілді. Өйткені келер жылы бұл кеңеске Өзбекстан елі төрағалық етпек.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов, Антон Балтрушеевич