Петропавлда қоғамдық көлік қызметі түзелмей тұр
Жүргізушілер болса күніне 15-16 сағаттап жұмыс істеуге мәжбүр. Мұнымен қоса жолаушыларға билет таратылмайды. Мәселе қашан шешімін табады?
Қаладағы қоғамдық көліктердің көбіндегі көрініс осы. Жүргізушілер жолаушыларға жолда жүру құжатын таратпайды. Салдарынан қазынаға қаржы түспейді. Өйткені тасымалдаушылар нақты қанша пайда табатындарын көрсетпейді. Ал көлікті тізгіндегендер бұл жайында бізбен сұхбаттасқысы да келмеді.
Қалалық әкімдіктегілер бір кездері: «Аталған мәселені сотқа дейін жеткіземіз», – деп уәде берген еді.
Ержан Ақанов, қалалық ТКШ бөлімінің бұрынғы қызметкері:
- Осы күнге дейін біз аталған фактіге қатысты материалдарды жинаумен айналыстық. Енді 15 ақпанға дейін жағдай дұрысталмаса, істі сотқа жібереміз. Сәйкесінше тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылатын болады.
Екі жылға жуық уақыт өтсе де, жабулы қазан сол күйінде қалды. Себебі әкімдік қызметкерлері бұл іске тағы да бармақ басты, көз қысты қараған. Ал тозығы жеткен көліктерден тұрғындар: «Әбден мезі болдық», – дейді.
Фарзана Тляхова, қала тұрғыны:
- Қоғамдық көліктер тым кішкентай. Адам тез толып кетеді. Тіпті кейде сыймай жатады. Ескірген, ішінде ешқандай жайлылық жоқ. Ал бұрын үлкен автобустар болатын еді.
Бұл аз десеңіз, шағын автобустарда мүлдем кондукторлар жоқ. Яғни жүргізушілер екі жұмысты қатар атқарады. Мұнымен қоса, олар таңғы сағат 07:00-ден кешкі 23:00-ге дейін көлікті тізгіндейді. Ал мұндай заңбұзушылықтарды қадағалап жатқан ешкім жоқ.
Дастан Қазиев, ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Барлық кемшілікті анықтап, заң бұзғандарға ескерту жасайтын боламыз. Жалпы 2021 жылға дейін қаладағы барлық қоғамдық көлікті біз электрондық жүйеге ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл бағытта жұмыстар басталып кетті.
Қоғамдық көлік қызметі түзеледі ме, жоқ па? Оны әрине, уақыт көрсетеді. Жалпы бүгінде облыс орталығында 24 бағытқа күніне 275 көлік шығады. Ал оның 30% әбден ескірген.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев