Шымкенттіктер лифт жарамсыздығынан далаға шыға алмай отыр
Олардың дені – қарт адамдар мен мүгедек жандар. Лифтің істен шыққанына бір жыл болыпты. Үйдің қалған тұрғындары жаяу көтеріледі. Ал денсаулығы нашар адамдар төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр. Он екі айға созылған жөндеу жұмыстарының барысы қалай?
Галина Михайловнаның далаға шығып, таза ауа жұтпағанына бір жылға жуықтапты. Осыншама уақыт оның үйінде лифт жұмыс істемейді. Далаға шығамын деген соңғы әрекетінен өміріне қауіп төнген.
Галина Рытикова, қала тұрғыны:
- Табалдырықтан түскенім сол еді, балдағым тайып кетті. Арқаммен қатты құладым. Енді қазір денемнің барлық жері ауырады. Дұрыс тыныстай алмай қалдым.
Көршісі 80 жастағы Фатима Мелдеханова одан да жоғары қабатта тұрады. Зейнеткер өзінің пәтеріне еңбектеп шығады екен. Онсыз да денсаулығы жоқ адамның ағзасына салмақ түсіп, қан қысымы жоғарылап кетеді.
Фатима Мелдеханова, қала тұрғыны:
- Есігі ашылмайды, жабылмайды. Лифт істемейді. Өте қиналып шығамын. Кейбір кезде шықпаймын да. Үйде отырамын. Сондықтан біз лифт картасын аламыз. Оны алғанмен, лифт келмейді. Келген мамандар істей алмастан кетіп қалады. Бір күнде бірнеше рет келеді. Лифтке 30 жылдан асып кеткен. Бізге жаңасы керек. Дірілдеп шыға алмаймыз, қорқамыз.
Осылайша Шымкенттің дәл ортасында тұратын көптеген тұрғын өз үйлерінде қамалып отыр.
Раиса Кимнің аяғы ауыр. Жүктіліктің соңғы айында жүрген ол болашақ сәбиі үшін алаңдайды.
Раиса Ким, қала тұрғыны:
- Мерзімімнен бұрын босанып қаламын ба деп қорқамын. Қызымның оқулықтары көп. Сөмкесі ауыр. Қарапайым азық-түлік сатып алудың өзі бізге қиынға соғып тұр.
Лифт шаруашылығына жауапты компания өкілдері ара-тұра бой көрсетіп қалады екен. Тұрғындар көтергіш сатыны қалпына келтіруге бірнеше мәрте қаржы да жинап берген. Бірақ одан өзгерген нәтиже жоқ.
Назия Шолпанова, қала тұрғыны:
- Облыс, қала әкіміне, бәрінің атына хат жаздық. Бірақ осы күнге дейін нәтиже жоқ. Бұрын қызмет көрсеткен мекеме ешқандай жұмыс істеп жарытпады. Ақша да жинап бергенбіз. Сәл істейді де, тоқтап қалады.
Тоғыз қабатты үйдің тұрғындары көтергіш сатысыз қалай күнелтіп жатқанын аудан әкімі арнайы келіп көріпті. Жағдайды Үй басқармасы және тұрғын үй инспекциясына тапсырыпты. Өз кезегінде мамандар лифтің жөндеуге келмейтінін анықтаған. Ал заң бойынша оны тұрғындар өз қаражатына ауыстыруы керек екен. Көтергіш сатының құны 11 млн теңге тұрады.
Мәлік Әбдінұров, қалалық Үй басқармасы және тұрғын үй инспекциясының жетекшісі
- Қазір заңға өзгерістер еніп жатыр. Өзгерістер енген соң бюджет арқылы жұмыс атқаруға болады. Бірақ қайтарым түрінде. Сол үшін тұрғындар келісім хаттамаларын түзетін болса, көпшілік болып ендігі жылы оларды бюджет арқылы ауыстыруға болады.
Тұрғын үй қатынасы заңнамасына енгізілетін түзетулер мен өзгерістер лифт шаруашылығын ретке келтіруге көмектеседі деген сенім бар. Қазірде Шымкент қаласында 266 лифт бар екен. Олардың 12-сі шұғыл түрде ауыстыруды қажет етеді. Өз күштерімен ауыстыруға халықтың шамасы жетпейді. Мемлекеттің көмегінсіз іс оңға баспайтын сыңайлы.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов