Қарағандыда қалалық ата-аналар жиналысында өзекті мәселелер талқыланды
«Мектептерде түрлі сылтаумен ақша жинайды, сыныпқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді, ата-аналардың мойнына жүктеп қойған әрі ұстаздар сыйлық алуды доғармай отыр» деген алып-қашпа әңгіме қаншалықты шындыққа жанасады? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мамандары қатысушыларға қандай кеңес берді?
Жаңа оқу жылының басталуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстваға да ата-аналардан арыз-шағым көбейеді. Олардың басым бөлігі мектептердің түрлі мақсатқа ақша жинайтынын айтады. «Мемлекет тарапынан білім ошақтарын жөндеуге бөлінетін қаржы жыл өткен сайын ұлғайып келе жатқанымен жағдай өзгермей тұр», – дейді ата-аналар.
Денис Шәкенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы:
- Білім туралы заңға сәйкес ата-аналар балаларының қауіпсіз өмір сүруіне және білім алуына барлық жағдайды жасауы тиіс. Бұл дұрыс, әрине. Бірақ біздегі кейбір мектеп директорлары заңның осы бір тұсын алдыға тартып, ата-аналардан ақша жинаудың айыбы жоқ деген байламға келген болуы керек. Бұл – жаңсақ пікір.
Өкінішке қарай, бұл жағдайға мектептегі қамқоршылық кеңес те көз жұмып отыр. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесінде мектеп сайттарының бос болатыны, ешқандай ақпарат жазылмайтыны анықталған. Сондықтан мамандар қаржы жинаудың қылмыс екенін жиында тағы бір мәрте ескертті. Егер ата-аналар қайырымдылық тұрғысында ерікті түрде мектепке көмектесемін десе, бөгет жоқ. Ал мәжбүрлеу, ақша сұрауға заңмен тыйым салынған.
Малика Күсенбаева, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі:
- Тек соңғы 1,5 айдың ішінде біздегі жедел желіге 10 адам қоңырау шалды. Олардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ. Аудан орталықтарына, қалаға болсын, біз дереу жетіп, тиісті шараларды жүргіздік.
«Алайда қанша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенмен кей мұғалімдер өз қателігінен сабақ алмайды», – дейді мамандар. Керісінше арызданған ата-аналарды сыныптың әлеуметтік желідегі ортақ чатынан шығарып тастап жазалайды екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев