Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің саммитіне қатысады
Саммитке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлері бас қосып, дайындық барысын пысықтады. Алқалы жиында «Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті Төрағасы мәртебесін беру, түркі әлемінің жоғары орденін бекітіп, онымен Елбасын марапаттау жөніндегі құжаттарға қол қойылады» деп күтілуде. Сондай-ақ отырыста кеңеске Өзбекстанның қосылуы жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылданбақ. Түркі кеңесі құрылғалы экономикалық ынтымақтастыққа, оның ішінде бизнес арасындағы байланыстарды нығайтуға мән беріліп келеді. Іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында биылғы саммит «Мүше мемлекеттердің, шағын және орта кәсіпорындарын қолдау» тақырыбында өтпек.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Түркітілдес кеңесінің экономикалық-гуманитарлық бағыты жұмыс істейді. Әрине, экономикалық жағынан сауда палаталары бірігіп, ортақ сауда палатасы құрылмақ. Ол осы бағытта сауда, экономика, инвестиция жағынан кіші және орта бизнесті дамыту мәселесі көзделуде.
Түркі кеңесінің 7-ші саммиті Нахчыван келісімінің он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткен он жылдың ішінде Түркі кеңесінің аясы кеңейіп, ықпалы артты. Өзара уағдаластықтар бауырластық байланыстарды бекіте түсті.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
- Дәл осы Әзербайжан жерінде 10 жыл бұрын Түркі кеңесі құрылған болатын және оның негізін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қалаған болатын. Сондықтан бұл жиында Елбасыға Түркі кеңесінің құрметті Төрағасы лауазымы беріледі. Бұл бір жағы Түркі кеңесі және оның жанындағы Түркі академиясы, Түркі мирас және мәдениет қоры, ТүркПА, ТҮРКСОЙ сияқты ұйымдардың негізін қалағандықтан Елбасыға түркі әлемінің үлкен құрметі деп білген жөн.
Елбасы борты Бакуге келіп қонды. Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайдан Әзербайжан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов қарсы алды. Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевпен, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен және Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанмен кездесу өткізедіі.