Ақтөбедегі жаңа аудандар сусыз отыр
Тасымалдаушы монополист мекеме болса, қолданыстағы ұңғымаларға жаңа тұтынушыларды қосудан бас тартып отыр. Себебі жер астындағы су қоры көлемін анықтайтын кешенді барлау жұмыстары жүргізілмеген.
Ақтөбенің айналасында құрылыс қарқынды жүріп жатқанымен, жаңа елді мекеннің түтінін түтетіп, баспанаға жайланған отбасы шамалы. Себебі коммуналдық желілердің жоқтығы көпшіліктің көшін тоқтатып отыр. Ал өркениеттен ада аудандарда өмір сүруге мәжбүр жандар суды тасып ішуде. Мәселен, Баукешевтер отбасы жасанды құдығын сумен толтыру үшін айына 5 мың теңге жұмсайды.
Гауһар Баукешева, қала тұрғыны:
- 12 жыл дегенде жерді әрең алып, үйді салды. Газ, жарық жоқ, су жоқтың кесірінен үлкен үйге кіре алмай отырмыз. Соны тездетсе, жақсы болып кетер еді.
Облыс орталығы айналасындағы аудандарды сумен қамтамасыз етуге шенеуніктер 6 жобаны жоспарлаған. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстарына бүгін-ақ кірісуге әзір. Бірақ оның өзі тұрғындарды түгелімен орталық желіге қоспайды. 100% көрсеткішке қол жеткізу үшін жерасты суының барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Содан кейін ғана жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді.
Болат Серіков, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Жоба жасау үшін біз әр мекемеден техникалық шартын аламыз. Оны қазіргі уақытта су желісімен қамтушы «Ақбұлақ» АҚ бермеуде. Жерасты суларының гидрологиялық іздестірулері жүргізілмегендіктен, олар бере алмай отыр.
Қазір Ақтөбе қаласына ауызсу 4 жерасты көзіне орнатылған ұңғымалардан жеткізілуде. Тасымалдаушы мекеме өкілдері мұның өзін аз дейді. Ал жаңадан салынған аудандарға құбыр жүргізсе, су тапшылығы орын алатындығы сөзсіз.
Айгүл Мұқанова, «Ақбұлақ» АҚ бөлім басшысы:
- Жаңа аудандарды қолданыстағы су ұңғымаларына қоса алмаймыз. Себебі өндіріліп отырған судың барлығы қазіргі тұтынушыларымызға кетеді. Сондықтан жаңа аудандарды қолданыстағы ұңғымалармен қамтуға мүмкіндік жоқ.
Ақтөбе қаласының миллионнан астам тұрғыны бар мегаполиске айналу үрдісі жағдайды одан әрі ушықтыратындығы айқын. Ғалымдар су тапшылығын бүгінгі күннің өзінде байқауға болатындығын айтуда. Себебі әлемдік тәжірибе бойынша әрбір азамат күніне 200 литрге дейін су қолданса, Ақтөбеде бұл көрсеткіш 50 литр ғана.
Арыстан Мамырбаев, М.Оспанов атындағы БҚММУ профессоры, медицина ғылымдарының докторы:
- Ақтөбе суды негізінен жерасты қорынан алады. Қазіргі ұңғымалардың өнімділігі тәулігіне орташа есеппен алғанда 150 текше метрді құрайды. Мұның өзі аздық ететіндігін ескерсек, алдағы 10-15 жылда ауызсу тапшылығы ақтөбеліктер үшін ең басты мәселеге айналады.
Судың қосымша көзі облыс орталығынан 35 шақырым жердегі Сарыбұлақ тобы қорында бар. Алайда құбыр жүргізу үшін тағы да барлау жұмыстары қажет. Сондықтан жергілікті әкімдік қолданыстағы жерасты суларына тағы бірнеше ұңғыма орнатуды дұрыс деп шешкен.
Ержан Мұздыбаев, Ақтөбе облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Елек су тоғанын қайта жаңарту бойынша жұмыстарды бастадық. Қазіргі таңда конкурсты рәсімдер жүзеге асырылып жатыр. Ол жұмыстар ағымдағы жылы және 2020 жылға ауыспалы болып жалғасын табатын болады. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Одан кейін артынша Ақтөбе халқын сапалы ауызсумен қамту мақсатында Құндақтықыр су тоғанын қайта қалыпқа келтіру бойынша жоспар бар. 8 ұңғыманы қайта қазамыз.
Жергілікті билік өкілдерінің жоспары бойынша, облыс орталығы ауызсумен толықтай тек 2023 жылы қамтылады. Бірақ әзірге бұл қағаз жүзіндегі кесте ғана. Сондықтан тұрғындарға сарылып күтуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов