Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық даму бойынша кеңес өткізді
Ел экономикасын еселеуге қазір қажеті осы. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада экономикалық даму бойынша кеңес өткізді. Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жоспарлардың орындалуы, ақша-несие саясатын жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік қолдауды реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Президент орта бизнес экономиканы әртараптандыру драйверіне айналуы керек деп санайды және оның ойынша, индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіптік өндіріс пен өңдеуші өнеркәсіптің құлдырауын тоқтатуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік бергенімен, экономика құрылымында түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Президент аймақтық масштабта бәсекеге қабілетті, кем дегенде 3-5 технологиялық дамыған өндірісті құру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдымызда тұрған мақсат – еліміздің экономикасына қосымша серпін беру. Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға мәлім. Әлемдік экономиканың болашағы бұлыңғыр, айналамыздағы жағдай да өте күрделі. Дегенмен біздің бір жерде тұрып қалуға хақымыз жоқ. Одан әрі дамуымыз керек. Бүгінгі таңда ең қажет нәрсе – жаңа идеялар, жаңа көзқарастар, жаңа болмыс. Сондықтан бәріміз ойымызды ортаға салып, бұл тақырыпты, яғни еліміздің экономикасын дамытудың жолдарын талқылауымыз қажет.