Алматыда жылу құбыры жарылды
Бірақ қаланың Жетісу ауданында болған бұл апатты жағдай салдарынан көлік тұрағындағы бірнеше темір тұлпарға зақым келген.
Жылу құбыры жарылып, жүздеген литр ыстық су сыртқа төгілді. Қысымның жоғары болғаны соншалық, құбыр жарылған жердің тас-талқаны шықты. Соның салдарынан жақын маңдағы автотұрақта тұрған көліктерге зақым келген.
Ерболат Омаров, қала тұрғыны:
- Осында автотұраққа көлігімді қоятын едім. Мені шақырып, көлігіңіз судың астында қалды деп хабарлады. Келіп қарасам, көлігімнің біраз жерін тас жарып, әйнектері сынған екен.
Осылай ондаған көліктің әйнектері шағылып, ішіне ыстық су кірген. Сондықтан таң атқалы бері бұл жерде жол полициялары мен бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. Қазір келтірілген шығын есептелуде. Көлік иелеріне «Алматы жылу желілері» мекемесі заңға сәйкес өтемақы төлейді-дейді, Алматы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының өкілі Ян Гирин.
Ян Гирин, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының ресми өкілі:
- Бұл – 1997 жылы пайдалануға берілген ескі құбырлар. Бұлардың пайдалану мерзімі өтіп барады. Жуырда ғана біз жылу маусымына дайындық барысында барлық құбырды тексеруден өткізген болатынбыз. Ешбір ақау байқалмаған еді. Әрине, бұл айтып келмейтін төтенше жағдай болды.
Ян Гириннің айтуынша, қаладағы құбырлардың дені ескірген. Сондықтан мұндай апаттың алдын алу кейде мүмкін болмай жатады. Апта басынан бергі бұл екінші жағдай екенін ескерсек, алматылықтарға абай болу керек екенін тағы бір еске салуға тура келеді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Владимир Бовкис, Сержан Жұмабаев