Қостанайда су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды
Қостанай қаласының іргесіндегі Аманкелді су қоймасының жөндеу жұмыстарын айтып тұрмыз. Стратегиялық маңызды нысан жоспар бойынша биыл қайта жаңғыртылуы тиіс еді. Оған қаржы бөлініп, тіпті мердігер де анықталды.
Қостанай облысында алты су қоймасы бар. Олардың барлығы кемі ширек ғасырдан астам жөнді жөндеу көрмеген. Мысалы Аманкелді су қоймасының қазіргі ахуалын мамандар «қанағаттанарлық» деп бағалағанымен, төтенше жағдайға шақ тұрғандығын мойындайды.
Қатты ағыс кезінде ауыр қақпақты кранмен көтеріп жабудың өзі біраз қиындық тудырады екен. Су асты бөгеттері мүжіліп, кетігіне келе қоймайды.Тығыз жабылмағандықтан су жыра тауып, өздігінен ағып кетеді.
Александр Здерев, өндірістік участке басшысы:
- Қойманың темір қақпақтарын жылда тоттан тазартамыз. Алайда жарты ғасыр бұрын салынған қақпақтар әбден жұқарып, ескірген. Майысқан тұстары да бар. Сондықтан төтенше жағдай туындау қаупін жоққа шығаруға болмайды.
2016 жылы жүргізілген мемлекеттік сараптама Аманкелді су қоймасы күрделі жөндеуді өткізу қажет ететіндігін растады. Оның сметалық құны 253 млн 710 мың теңге деп белгіленді. Былтыр қазан айы мердігер анықталып онымен келісімшарт та жасалған. Бірақ жаз бойына бітірілген шаруа шамалы.
Абат Әбілов, «Қазсу шаруашылығы» РМК ҚФ директорының міндетін атқарушы:
- Әр атқарылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының тапсырушымен бекітілген жұмыс жүргізу кестесі болады. Соны бірнеше қайтара бұза бергені үшін сол келісімшарт тоқтатылып, ол мердігер сотқа берілді.
Одан кейін тамыз айында екінші қайтара тендр өткізілген. Оған қатысқан екі мердігер де тиісті талапқа сай келмепті. Сондықтан тағы бір мәрте байқау жарияланды. Мердігер анықталғанның өзінде жөндеу жұмыстары алдағы жазда басталады. Ал арнайы келіп тексерген мамандар су қоймасы көктемгі тасқынға төтеп беруге тиісті деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг