Газ химиясы кешені құрылысында отандық компаниялардың үлесі артуда
Форумда елімізде тұңғыш қолға алынған интеграцияланған газ химиясы кешеніндегі қазақстандық үлесті арттырудың жолдары сарапқа салынды. Атап айтқанда, отандық компаниялардың машина жасау, электротехникалық қондырғылар мен құрылыс саласындағы әлеуеті қаралды.
Бұған дейін алыс шетелдерден тасымалданып келген мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті қондырғылар енді Қазақстанда өндіріле бастады. Түрлі сорғылар, құбырлар мен кабельдерді отандық компаниялар шығарады. Сапасы жоғары, бағасы арзан. Отандық кәсіпорындар қазірдің өзінде батыс аймақтағы ірі мұнай жобаларынан тапсырыс қабылдай бастады. Соның бірі Атырау мұнай машиналары зауыты диамтері 8 метр, салмағы 1200 тонна болатын сплитер құрастырып шығарды. Бұрын-соңды мұндай тапсырыс қазақстандық компанияларға берілмейтін. Форум жұмысында болашақ жобаларға қатысуға ниетті отандық компаниялардың қабілет-қарымы тыңдалды.
Қайрат Оразбаев, «KPI» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл форумның негізгі мақсаты – қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі жұмыстарды баяндап беру. Екіншіден, болашақ контарктілерге қол қою. Үшіншіден, потенциалды тағы да қазақстандық қай зауыттары болашақ ҚМГ жобаларына қатыса алатынын анықтау.
Жыл санап отандық кәсіпорындардың әлеуеті артып келеді. Еліміздегі зауыттарды аралаған жобаның бас мердігері: «Отандық компаниялармен жұмыс істеуге дайынбыз», – дейді. Бүгінде Қазақстанда өндірілген көптеген қондырғылар мен өнімдер халықаралық стандарттарға толық жауап бере алады.
Юань Минь, «Tianchen» компаниясынң президенті:
- Көптеген қазақстандық компания халықаралық деңгейге шықты. Ендігі мақсат – сол кәсіпорындармен іскерлік байланыс орнату. Олар тәжірибелерін шыңдаған сайын әлемдік мұнай-газ саласындағы бәсекелестікке бейімделе береді.
Атырауда 2021 жылы еліміз бойынша тұңғыш рет полипропилен өндіріле бастайды. Бүгінгі әлемдік нарықта полимер бұйымдарына деген сұраныс өте жоғары. Қарапайым қаламсаптан бастап, ұшақтың күрделі бөлшектеріне дейін шығаратын жобаға қатысуға тек үздіктердің үздігі дәмелі бола алады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев