Мұнай машиналары зауытына 100 жыл
Зауытты дамыту бойынша жобаны іске асыру кезінде өндірістегі бар құрылғылардан басқа жаңа цехтар іске қосылып, қазіргі заманғы ең озық технологияға негізделген қондырғылардың тұсауы кесілді. Атыраудағы «АтырауНефтеМаш» зауытының 100 жылдығы мен «ANACO» компаниясының 25 жылдығына арналған мерекесінде жаңа ыстық мырыштау және грейтинг цехы іске қосылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – еліміз бойынша баламасы жоқ өндіріс орталықтарының бірі.
Жаңа цех ыстық мырышталған болаттан жасалған жабдықтар шығаруға мүмкіндік береді. Бұл материалдың құрылмалары өртке қауіпсіз жоғары қабілетке ие. Бұл – Қазақстан газ химиясының жаңа өнімі саналатын пропилен өндіруге арналған сплиттер. Қазақстан бойынша тұңғыш рет дайындалған отандық кешен. Бұл күрделі құрылғының жылдық өндірістік қуаты 500 мың тонна пропиленді құрайды. Осыған дейін тек шетелдіктерге сенім артылған қондырғылар енді «Атырау мұнай машиналары» ЖШС зауытында құрастырылады.
Александр Донсков, Атырау мұнай машиналары зауытының бас директоры:
- Біздің мамандар құрастырып шығарған қондырғының ұзындығы 105 метр, ал диаметрі 8,4 метрді құрайды. Әзірге салмағы 1250 тоннадан асады. Ал толық орнатылып бткен соң, жалпы салмағы 1500 тоннаға дейін жетеді. Мұндай құрылғы бұрын-соңды бүкіл Еуразия құрлығында жасалған емес.
Соңғы 25 жылда толықтай қайта жаңғыртылған кәсіпорынның жеке құрастыру станциясы мен дәнекерлеу цехтары бар. Автоматтандырылған қондырғылар тапсырысты қысқа мерзімде дайындауға мүмкіндік береді.
Сағат Түгелбаев, «ANACO» компаниялар тобының құрылтайшысы:
- Былтыр біз Қарашығанаққа екі-үш фазалы сепараторлар істедік. Бұрын тек Қазақстанда емес, Кеңес одағында, Ресейде де істелмеген. Сондықтан жай болса да, дұрыс жаққа қадамымызды жасап келе жатқан сияқтымыз.
Кешенді өндірісті орталықта қазір үш жаңа цехтың құрылысы жүріп жатыр. Осы жаңа жобалар іске қосылысымен бұрыннан еңбек етіп жатқан 350 адамға қоса тағы 200 маманды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов