БҚО-дағы дендробақта теректің 50 түрі қалды
Бірі Шымкент қаласында болса, екіншісі БҚО-да Жәнібек ауданында орналасқан. Соңғысы 1952 жылдан бастап отырғызылыпты. Мақсат – шөлейтті аймақтың табиғи жағдайында түрлі терек түрлерінің қалай өсетінін зерттеу. Алайда бүгінде осы академиялық бақтың маңызына жете мән берілмей, тарихы терең табиғи ландшафт қараусыз қалып отыр.
Қырына көз жетпес сайын даламызда тал-терек сирек кездеседі. Облыс аумағының 0,6%, яғни 89 мың гектары ғана орманмен көмкерілген. Себебі арнайы суармаса, жауыны аз аймақта жасыл желектің өздігінен тамыр тарта қоюы екіталай. 60 жыл бұрын Жәнібек стационарлық бағын егудегі басты мақсат та шөлейт аймақта ағаштардың қалай өсетінін бақылау болатын. Сол кезде бақтың ортасындағы 6 гектар дендрарийге әлемнің әр түкпірінен 200-дей терек түрі отырғызылыпты. Бүгінде 50 шақтысы қалған.
Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылының тұрғыны:
- Осында істеген адамдарды көзіміз көріп жүр. Доктор, кандидаттар 800-дің үстінде диссертация қорғаған. Әрбір теректің тарихы, қайдан алып келгені жайында ақпарат болды. 92-ші жылдан бастап дендробақтың қожайыны болмай қалды.
Бұрын мұнда 20 шақты қызметкер, бірнеше техника болса, қазір жалғыз күзетші қалған. Ол да кейінгі жылдары бекітіліпті. Жалғыздың үні шықпас. Орманды өрттен күзету, браконьерлерден қорғау, қураған теректерді тазалап, шөбін шабуға бір адамның әлі келмесі анық.
Ермек Ақпасов, орманшы:
- Адамдар кіріп кетеді. Нөмірлерін жазып аламын. Әрине, қарсыласады. Көбісі ішіп алған болады. Ал жалғыз өзіме бағынбайды.
Жәнібек академиялық бағының жалпы аумағы 1500 гектар болатын. Соның жартысы шекараны демаркациялау кезінде Ресейге кетіпті. Қазақстан жағында қалғаны 880 гектар. Көрші мемлекет оған федералдық маңыздағы табиғи ескерткіш мәртебесін беріп үлгеріпті.
Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:
- 2014 жылы Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті үлкен зерттеу жұмыстар жүргізді. Сол кезде Үкіметке Жәнібек стационары мемлекеттік кәсіпорын құру жөнінде ұсыныс білдірді. Сол кезеңде қолдау таппаған бұл іс кейін аяқсыз қалып қойған. Қазақстандық тараптағы ғалымдардың зерттеуінше бұл стационар қайталанбайтын, баламасыз болып табылады. Сондықтан да мұның ғылыми маңыздылығы зор.
Жоғарыдан жәрдем болмағасын, жергілікті атқарушы органдар табиғи ландшафтты сақтап қалудың өзге жолдарын қарастыруда.
Бисен Хайруллин, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлім басшысы:
- Жәнібек стационарында Орда орман шаруашылығының бір бөлімшесін ашу ойымызда бар. Оған көп қаражат керек емес. Бірінші жылы 40 млн-дай ақша керек болар. Бірақ келесі жылдарда 5-6 млн жеткілікті болады. Былтыр облыстық әкімдікке хат жаздық, биыл да сол мәселені қайта көтергіміз келіп жатыр. Қалайда біз дендробақты сақтап қалу керекпіз.
«Осы арқылы ғылыми жұмыстарды жалғастырып, аридтік аймаққа төзімді терек түрлерінің тұқымын тәлімбақта өсіріп, таратуға болар еді», – дейді мамандар.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов