Еліміздегі дүкен сөрелерінде нан сапасы қандай деңгейде?
Біздің бидай өзге елдермен салыстырғанда «экологиялық таза» деп есептеледі. Бірақ бидай жақсы болғанымен, наннан сапа кетіп бара жатқан сияқты. Өйткені тағамтанушылар күнделікті жеп жүрген нанымыздың ең қауіпті тағам екенін айтып дабыл қағуда. Олардың зерттеуінше, кейбір наубайханалар нанның түрін әдемі ету үшін түрлі химиялық қоспалар қосады екен. Оны тым көп жеу әсіресе жүрек пен қан тамырларының жұмысына зиян. Нанның түріне қарап, оның пайда-зиянын қалай ажыратуға болады?
Шахмарал Ағыбайұлының мамандығы инженер. Бірақ өмірдің өзі кәсіби тағамтанушы қылып шығарды. Зерттей келе, сүйсіне жеп жүрген ақ бөлкесінің асқазанға зияны орасан екенін білді. Қазір мүлде нан сатып алмайтын болды. Есесіне ешқандай қоспасыз өзі пісіріп жүр. «Нанды пісірудегі басты қателік ашытқыны шамадан тыс қосу», – дейді.
Қазіргі нандардың құрамында табиғи ашытқы өте аз қолданылады. Бәрі химиялық жолмен дайындалады. Өйткені біріншіден, химиясыз ашытқы дайындау үшін бір тәулік керек және мұндай ашытқымен қамырдың көтерілуі көп уақыт алады. Сападан бұрын санды ойлайтын кейбір наубайханалар химиялық қоспалардың көмегімен уақытты үнемдейді.
Гаухар Ақшараева, технолог:
- Нанның сапасы ұнға қосылатын қоспаларға байланысты болып келеді. Түсін өзгертетін әртүрлі қоспа қосқандықтан, нанның сапасы да өзгеріп кетеді.
Шахмарал да қазір ұнды мүлде қолданбайды, оның орнына таза бидайды тартып пайдаланады.
Шахмарал Ағыбайұлы, диетолог, жеке кәсіпкер:
- Кейбір өндірушілер ақшаны үнемдеу үшін ұнның құрамына түрлі қоспалар қосады. Панифарин ағзамызға түскен кезде асқазанға цемент сияқты жабысып қалады. Ол ең бірінші асқазан ауруына алып келеді.
Десе де, ашытқысыз нан қазір ешқандай жарнамасыз-ақ нарықты бірте-бірте жаулап келеді.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұрын нанның бір ғана түрі болатын. Кәдімгі таба нан. Ал қазір ас атасының түр-түрін табасыз. Сұлы наны, жүгері, қарақұмық наны, ашытқымен, ашытқысыз. Бұлардың нарықтағы бағасын Үкімет белгілейді, ал қайсысын аласыз, қанша мөлшерде жейсіз, денсаулық сіздікі, сондықтан шешімді де қабылдайтын өзіңіз.