СҚО-дағы «Якорь» құс фабрикасында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр
Осылайша кәсіпорын, өндіріс көлемін екі есе арттырып, жылына 150 млн дана жұмыртқа алмақ ниетте. Ал оны болашақта тіпті Қытайға экспорттауды көздеп отыр.
Кәмила Сыздықованың күнделікті жұмысы ферманы аралаудан басталады. Технолог мұнда құстардың күтіміне жауапты. «Өйткені Ресейден әкелінген тауықтар қараусыз қалса, өнімді аз береді», – дейді маман.
Кәмила Сыздықова, технолог:
- Бұл құстар бала секілді ерекше күтімді қажет етеді. Түрлі қоспалар беріп, күніне бес рет тамақтандырамыз. Ең бастысы оларды шошытып алмау қажет. Сонда өнімді де жақсы аласың.
Қазіргі таңда фабрикадағы құс басы 500 мыңнан асты. Тағы 100 мыңын сатып алу жоспарда. Ал экологиялық таза өнімге шетелдіктер де сұрау салып отыр. Сондықтан тағы да қосымша үш қора салып, жаңа автоматтандырылған қондырғылар орнатылуда. Айта кету қажет, аталған кәсіпорын елімізде алғашқылардың бірі болып «А» дәрумені бар жұмыртқаны өндірді.
Ринат Буланбаев, құс фабрикасының директоры:
- Қазір Қытаймен арнайы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек Ресей, Ауғанстан, Орта Азия елдерімен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Алда осы өнімнің 20% астамын экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Жоба сәтті жүзеге асса фабрика үш кезеңдік жаңғыртудан кейін өндіріс көлемін екі есеге арттырады. Бұл мақсатқа жалпы сомасы жарты миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев