Заманауи қазақ әдебиетінің антологиясы таныстырылды
Еңбектің тұсаукесер рәсіміне Ресей жазушылар одағының жетекшілері, аудармашылар, әдеби редакторлар мен танымал сыншылар қатысты. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.
«Заманауи қазақ мәдениетінің әлемдегі орны» жобасы аясында қазақтың әдеби шығармалары бірнеше тілде басылды. Тұңғыш рет поэзия мен проза жанрында қалам тербеген 60 автордың еңбегі БҰҰ-ның ресми 6 тіліне тәржімаланды. Антологиялардың тұсаукесер рәсімі Мадрид, Париж және Лондонда өтті.
Аида Балаева, ҚР Президентінің көмекшісі:
- Ең бастысы – әдебиетімізді үлкен оқырманға жеткізу. Ол мақсатқа жеткен сияқтымыз. Осы туындылар арқылы еліміз туралы кең мағлұмат алады деп сенемін. Әдебиет арқылы ұлттың болмысын, мінезін, дәстүрін білуге болады деп сенемін. Сол мақсатқа жеткен сияқтымыз.
Әр антология шамамен 500 беттен тұрады. Жинаққа енген шығармалар Ресей, Ұлыбритания, Франция, Испания, Мысыр және Қытайдың жетекші баспаханаларының қатысуымен аударылған.
Александр Веракса, ММУ баспа үйінің директоры:
- Бұл жұмысқа Мәскеу университеті қатыстырылғанына өте ризамыз. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – жас буынды тәрбиелеу, яғни оларды үлгі тұтарлық мәдени жетістіктермен таныстыру.
Қазақ әдебиетінің антологиясы әлемнің 70 мемлекетіне таратылады. Бұл – осы елдерде тұратын 2,5 млрд халық біздің төл әдебиетіміздің жауһарларымен сусындай алады деген сөз.
Владимир Бояринов, РФ Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы:
- Ақын немесе дарынды жазушы сөз айтқанда, оның үні халыққа естіледі, өйткені ол ерекше бейнелеп сөйлейді. Бұл оқырмандардың қаны мен жанына сіңеді. Ең бастысы оқырманын табу. Сол себептен осы залда отырған 100 адам осы әдебиетке төселіп, біздің кітаптарымызды алып жатыр. Халық мұны естіп, артынан ереді.
20 мың дана тиражбен басылған антологиялардың орыс тіліндегі нұсқасы осы тілде сөйлейтін 14 елдің 3500 кітапханасы, университеті мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.
Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев