Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы инфрақұрылым сапасымен өлшенеді
Ол үшін әрбір сала бойынша жасалған жоба мен қабылданған бағдарламаның нәтижесін ауыл халқы көруі тиіс. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров ШҚО-дағы бірнеше аудан тұрғындарымен кездесіп, Президенттің биылғы Жолдауда жүктеген міндеттеріне тоқталды.
Ауылдың өркендеуі бүкіл елдің дамуы. Қазір үкіметтен бастап әрбір аймақта өз ауылдарын дамытудың түрлі бағдарламасы бар. Бірақ оның орындалу нәтижесі шамалы. Әсіресе шекараның шебіндегі ауылдарда шешімін күткен мәселе көп. Ең негізісі- инфроқұрылым. Ал бүгінде жалпы халықтың 42 проценті ауылда тұрады. Бірақ бұл көрсеткіш жыл санап азайып барады.
Ерлан Саиров, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Ауылдардың мәдени деңгейін басқа бір сапалық деңгейге көтеру – бүгінгі таңда Қазақстанда адам капиталы дамытудың ең басты бағыттарының бірі. Осы жолдаудағы ең негізгі мәселе адам игілігі болып табылады және адамның бүгінгі таңдағы әлеуметтік келбетінің басқа бір сапалық деңгейге көшіру болып есептеледі.
Ауылдағы әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін тұрғындар сол жердегі барлық мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Әсіресе шағын кәсіп саласында. Өз ауылынан кәсіп ашқандардың бірі – Жұлдыз Кәрібаева. Көпбалалы жас ана мемлекеттен 505 мың теңге грант алып, шағын дәмхана ашқан. Қазір сол кәсібінен нәсіп көріп отыр.
Жұлдыз Кәрібаева, көпбалалы ана:
- Тек қана атаулы әлеуемттік көмекті күтіп отырған дұрыс емес. Егер мүмкіндік болса осындай бір іс бастаған дұрыс. Ауылда қиын болар. Дегенмен талпынсаң біртіндеп болады. Тек тәуекел керек.
Елдің шетіндегі ауылдар – мемлекеттің территориялық тұтастығының кепілі. Сондықтан өңірлерді дамытудың стратегиялық жоба-жоспарын жасауда шекараның шебіндегі елді мекендер естен шықпауы тиіс.
Ерлан Саиров, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Ауылдың инфрақұрылымын дамыту – бүгінгі таңда Қазақстанның басты мақсатының бірі. Өйткені Қазақстанның территорияларын дамытпай еліміздің, тәуелсіздігіміздің мызғымастығы туралы айту мүмкін емес.
Бүгінде тек ШҚО-да жұпыны күйге түскен 50 ге жуық ауыл бар. Осындай иесі мен киесі кеткен елді мекендерге қайта серпін беру үшін биыл облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин