Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы шарықтап тұр
Жергілікті жұрт: «Баға бұрынғыдай 10 теңгелеп емес, 100 теңгелеп өсетін болды», – деп дабыл қағып жатыр. Осындайда нарыққа бақылау жасап, жөнге келтіруге жауапты өңірлік департамент биыл бірде-бір талдау жасамаған. Ал өңірдің әлеуметтік тұрақтандыру қорында ұн жоқ. Мамандар солтүстік өңірлерден арзан ұн іздеп жатыр.
Таразда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақталар емес. Базарлар мен дүкен сөрелерінде ет пен күріш қымбаттап, ұнның құны 1000 теңгеге дейін көтерілген. Қалтаға түскен салмақты қарапайым тұрғындар ғана емес, сатушылардың өздері де сезініп отыр.
Жұрт мал бағасының күрт өсуін еттің экспортқа көптеп кетіп жатқандығымен байланыстырады. Ал күріштің көтерілуі өткен жылдың екінші жартысында басталып, 29% дейін өскен. Қазір кейбір сауда орындарында күріштің құны 350-ден бастап 800 теңгеге дейін барады.
Марс Сейдібаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Жедел ақпарат бойынша Өзбекстан елдерінде өндіріс көлемі төмендегені жөнінде ақпарат келді. Алайда түгел күрішті тұрақтандырамыз деп айта алмаймыз. Тұрақтандыру қорының оған мүмкіндігі шектеулі.
Азық-түлік бағасы құбылса, іске тұрақтандыру қоры тікелей араласуы тиіс. Алайда қазір қажетті 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бәрі бірдей түгел емес. Сиыр етінің қоры 1,7 тоннаға дейін азайып, ұн таусылған. Қазір мамандар Солтүстік Қазақстан, Қостанай сияқты астықты өңірлерде арзан ұн іздеп тентіреп жүр.
Заңғар Кемелов, әлеуметтік тұрақтандыру қорының басқарушы директоры:
- Қалай болатынын білмеймін, балаларды жібердік. Арзан ұн немесе бидай тапса көреміз. Айта алмаймын. Ешкім қалай болатынын білмейді.
Демек, нан бағасы кезекті рет құбылуы мүмкін. Бағаны реттейтін тағы бір тетіктің бірі – Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаменті. Құзырлы мекеме қызметкерлері биылдыққа аталған азық-түлік нарығына бір рет те талдау жасамаған. Зерттеп, тексеру үшін не мемлекеттік органдардан, не тұрғындардан шағым түсуі тиіс көрінеді. Айтуларынша, баға шарықтаған шақта бірде-бір адам келіп арызданбапты.
Ләззат Сұлтанқұлова, ҚР ҰЭМ Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары:
- Жергілікті атқарушы органдар 19 әлеуметтік маңызы бар тауарға рұқсат етілген шекті баға белгілемеген. Оның үстіне Кәсіпкерлік Кодекс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жасалмайды. Біз ресми арыз-шағымсыз өздігімізден талдау жасай алмаймыз. Бүгінгі күнге дейін көмір, жанармай нарығы мен домафон қызметіне қатысты талдау жүргізілді.
Жүргізілген мониторингтен шағын статистика келтірейік. Жамбыл облысының халқы жылына 7 мың тоннадай ет жейді екен. Ал облыста жылына шығарылатын еттің көлемі 29 мың тонна. Бұл өңір сұранысын 160% артығымен қамтуға жеткілікті. Оған қоса әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 85% жергілікті жерде өндіріледі. Бірақ сонда да өңірде баға тұрақсыз.
Марс Сейдібаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл бағалардың көбісі өндірушіден көтерілуіне байланысты сауда орындарына шекті мәнді белгілеу бойынша комиссия ұсыныс қарастырмады. Талдау жасадық. Экспорттың шығып жатқан көлемі біздегі шығып жатқан малдың тапшылығына әкеледі деуге негіз жоқ. Бұл тек қана өзіндік құны. Мал, бордақы малды союға жарамды малды өсірудің және жем-шөптің құны әсерін береді.
Алдағы уақытта 19 әлеуметтік азық-түлік бағасын реттеуге қатысты тұрақтандыру қорына біршама еркіндік берілуі мүмкін. Яғни қор баға шарықтаған кезеңде комиссия шешімін күтпестен өз бетінше әрекет ете алады. Бұл тауарды құны арзан кезінде алып қалуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахаліллә