ЭКО-ның көмегімен туылған қыз бүгінде ана атанды
22 жастағы Шин Алеся – ЭКО арқылы өмірге келген балалардың арасында сәби сүйген алғашқы ана. Ол сәбиін табиғи жолмен көтеріп, 15 қазан күні Алматыдағы №1 перзентханада аман-есен босанды.
Алесяның туған күні ата-анасының ғана емес, дәрігерлердің де күні кешегідей есінде. Себебі жасанды ұрықтандыру әдісі сәби иісін аңсаған отбасына қуаныш сыйласа, еліміздің медицинасы үшін жаңа белесті бағындыру еді.
Людмила Бадельбаева, дәрігер-репродуктолог:
- 1996 жылы жасанды ұрықтандыру бағдарламасы енді ғана тәжірибеге ене бастаған. Технология қарыштап, дамып кетпесе де, ерлі-зайыптылар бізге сенді. Дегенмен бізде де қорқыныш болды. Бірақ бәрі сәтті өтті.
Гильнур Сагирова, алесяның анасы:
- Біз ол кезде жас болдық. Дәрігерлер осындай жол бар екенін айтып, кеңес берді. Біз тіпті оны толық түсінбедік . Себебі ол кезде жасанды ұрықтандыру туралы ашық айтыла бермейтін. Екінші рет жасағаннан көтердім.
«Жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген сәбилердің иммундық жүйесі мықты болады», – дейді дәрігерлер. Мұны Алесяның ата-анасы да растайды. Алайда «қоғамда жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалар болашақта өздері ата-ана бола алмайды» деген күмәннің болғаны жасырын емес.
Людмила Бадельбаева, дәрігер-репродуктолог:
- Әлемде жасанды ұрықтандыру әдісі арқылы алғашқы сәби 1978 жылы дүниеге келген. Ол да медицинаның көмегінсіз бала көтеріп, өмірге әкелді. Солай бола тұра, алғашқы жылдары осы балалардың табиғи жолмен ата-ана боларына біз де күмәндандық. Алайда міне, Алеся Қазақстандағы экомен дүниеге келген балалардың арасында бірінші рет ана атанып отыр. Бұл – ғажайып құбылыс.
Алеся өзінің ерекше бала екенін кішкентай кезінде анасынан естіпті. «Бірақ бұл жағдай өмір сүру салтыма ешқандай әсер еткен жоқ», – дейді ол.
Алеся Шин, жас ана:
- Мен кәдімгі адаммын. Менің өмірге келу жолым қандай да бір өзгеріс әкеледі деген ой ешқашан болған емес. Жүктілік барысы қалыпты өтті. Тіпті жерік болу, жайсыз сезіну болған жоқ.
Алеся – 1996 жылдан бастап бүгінге дейін Қазақстан бойынша жасанды ұрықтандыру арқылы өмірге келген 20 мыңға жуық баланың бірі. Дәрігерлер: «Ұрықтандыру процесі ғана ағзадан тыс өтеді», – дейді. Ал қалған уақытта нәресте анасының ағзасында дамиды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев