Оралдағы тозығы жеткен желілерді жаңғыртуға миллиардтаған қаржы қажет
Коммуналдық сала қысқа дайын. Дегенмен құбыр атаулы бүгін сау тұрғанмен, ертең жарылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал тозығы жеткен желілерді жаңғыртуға миллиардтаған қаржы қажет. Бір ғана кәріз құбырларын ауыстыру құны 3,5 млрд теңгеден асады.
Орал мен Ақсай қаласындағы 1 300 көпқабатты үйдің барлығы да алдағы қысқа сақадай сай. Жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталып, барлық әлеуметтік нысан жылумен қамтылды. Қатты және сұйық отын қоры да жеткілікті жиналған.
Күре жолдың бойындағы кәріздік сорғы стансасында қазір жаңғырту жұмыстары аяқтала келді. 10 жыл бұрын дәл осы тұсқа төселген әйнек пластик құбырлар қатты қысымға шыдас бермей, әр жерінен жарылған еді. Әзірге 2,5 шақырымдай жерге құбыр төселді. «Әлі 15 шақырымды жаңғырту қажет», – дейді сала мамандары.
Талғат Мүсілімов, су жеткізуші компанияның қызмет басшысы:
- Бұл учаскеде биыл 18 рет құбырлар жарылды. Ал қазір полиэтиленнен салып жатыр. Әйнек пластик құбырлар біздің кәрізге жарамайды екен. Өйткені 2009 жылдан бері ішіндегі қабырғалары шытынап, жарылып жатыр.
Оралдағы жылу электр стансасы осыдан 60 жыл бұрын салынған. Қазір бұл орталықтағы қондырғылардың да әбден тозығы жетіп тұр. Жыл сайын жылу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. «Бірақ бұдан еш пайда жоқ», – дейді кәсіпорын басшылары.
Қуат Мусин, жылу жеткізуші компанияның бас директоры:
- Бүгінгі күнге 2 сметалық құжат әзірлеп отырмыз. Қазір сараптамаға тапсырылған. Нәтижесін күтудеміз.
Бұл 2 жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеге жуықтайды. Айта кету керек, аймақтағы инженерлік желілерді толықтай жаңғырту қажет. Нақтырақ айтар болсақ, су құбырларының 63%, кәріз жүйелерінің 67%, ал электр желілерінің 79% жаңартуды талап етеді.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов