Оралдағы 25 мың саяжайдың 8 мыңы бос жатыр
Алайда осы шыбық шаншысаң терек боп тербелер құнарлы жердің мүмкіндіктері тиімді пайдаланылмай келеді. Шаһар төңірегінде 25 мыңға жуық саяжай телімі болса, соның үштен бірі игерілмей жатыр. Бос жатқан саяжайлардың иесін анықтаумен ешкім шындап шұғылданар емес.
«Зейнеткер-2» саяжай серіктестігіндегі жер телімдері тұрғындардың сұрауына сәйкес әкімдік қаулысымен 2014 жылы бастап беріліпті. Күні бүгін мұнда 280 саяжай бар. Ақиқатында бар деген аты ғана. Бау-бақша екпек түгілі, әлі күнге ешкім аумағын айқындап, қоршамаған. Серіктестік төрағасы жер иелерін жиналысқа шақырып, жергілікті телеарна арқылы хабарландыру да беріп көріпті. Нәтиже жоқ.
Берік Сәтиев, саяжай серіктестігінің төрағасы:
- 15-20 бірлестік мүшелері жиналады. Бүгінде жабайы алма ағаштары мен жеміс ағаштары өсіп кеткен, бірақ игерілмей жатыр. 2017-2018 жылдары қатарынан қалалық әкімшілікке арызданғанбыз. Бірақ бүгінге дейін еш нәтиже шыққан жоқ.
Жер телімдерінің игерілмеуі барлық саяжай серіктестіктеріне ортақ проблема болмақ. Шаһарда 25 мыңдай саяжай болса, соның 8 мыңы бос жатыр. «Газ жүргізу, сумен, жарықпен қамту ісі, өзге де жұмыстар серіктестік мүшелерінің жарнасына атқарылатындықтан, иесіз телімдер саяжай аумақтарын дамытуға кәдімгідей кедергі болуда», – дейді саяжайшылар.
Андрей Заозеров, бау-бақша және көкөніс өсірушілер қоғамының төрағасы:
- Бос жатқан саяжайдың иесін өзіміз анықтау мүмкін емес. Өйткені бірінің қожайыны көшіп кеткен, енді бірі сатып кеткен, меншік иесі тіркелмеген. Сондықтан бос жерлердің тізімін әкімдікке тапсырамыз. Бірақ олардан да нақты іс-қимыл жоқ, жауап та келмейді. Жалпы тартып алмаса да, иелеріне сол жерді игеруге қозғау салса дұрыс болар еді.
Өз кезегінде қалалық әкімдік қол қусырып қарап отырмағандарын айтады. 2016-2019 жылдар аралығында бос жатқан 126 жер телімі есепке қойылса, соның 121-і иесіз деп танылған, 14-і коммуналдық меншікке қайтарылған. Бірақ оларды қайтадан айналымға енгізуге ауылшаруашылық жерлеріне 2022 жылға дейін жарияланған мораторий қолбайлау болуда.
Серікжан Еркеғали, қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
- Иесін анықтау үшін әділет органдары мен миграция қызметіне сұрау салынады. Көп жағдайда азаматтар көшіп кетіп, азаматтық ауыстырған болып шығады. Ондайда жер мемлекет меншігіне алынады. Біздер қазір қала жерлерінің электронды картасын жасап жатырмыз. Содан кейін жер иелерін анықтау жеңіл болмақ.
Орал қаласының айналасында саяжай белдеуін қалыптастыру, осы арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алайда көп жоспардың қағаз бетінде қалып қоятыны өкінішті.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов