Елбасы Жапонияның жаңа императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысады
Ұлықтау рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Елбасы ұшағы Токиоға қонды. Айта кетейік, мамыр айында 30 жыл бойы билікте отырған император Акихито тақтан түсіп, өзінің ұлы Нарухитоға тізгінді тапсырған болатын. Көзі тірісінде тақтан кету Жапония тарихында бұдан екі ғасыр бұрын болған. Акихитоның дәуірін жергілікті жұрт Хейсэй, яғни «Бейбіт өмір» деп атайды. Нарухитоның заманы Рейва «Тамаша үйлесімділік» деп сипатталып отыр.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Император Нарухитоның таққа отыру салтанатына әлемнің әр түкпірінен мәртебелі меймандар келіп жатыр. Ұлықтау рәсімі қарсаңында ұсақ қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалды. Шамамен 550 мыңнан астам адам бостандыққа шығады деп жоспарланған. Император отбасымен байланысты рақымшылық осыдан 26 жыл бұрын болған екен. Әу баста салтанатты жиынмен қатар парад ұйымдастырылуы керек еді. Көшеге мыңдаған адам шығып, император мен оның зайыбы төбесі ашық көлікпен жүріп өтеді деген жоспар кейінге қалдырылды. Себебі жақында болған Хагибис тайфуны болды. Табиғи апат кезінде 80-ге жуық адам қаза тапты, жүздеген тұрғын жарақат алды. Сондықтан да жергілікті билік шеруді кейінге шегеру жөн деп шешкен. Таққа отыру рәсімінің салтанатты жиыны – жапондықтар тағат таппай күткен оқиға. Айта кетейік, император Нарухито 1 мамыр күні ресми қызметіне кіріскен еді. Осылайша 30 жылдық Хейсей дәуірі Рейва дәуіріне ұласты.
Таққа отыру рәсімі жергілікті уақыт бойынша сағат түскі 13:00-де басталады. Шараның өзі жарты сағатқа созылады. Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Қазір Қазақстан мен Жапония стратегиялық әріптес, ал әріптестікті осындай деңгейге жеткізу Елбасы мен император Акихитоның тұсында мүмкін болды. 1994 жылғы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары көпжақты әріптестіктің негізін қалады.
Содан бері жыл сайын байланыс дамып келеді. 2016 жылғы Елбасының Токиоға сапары да ерекше болды. Сол кезде тақта отырған император Акихитомен жеке жүздескен еді. Ал 2008 жылғы сапарда да кездесу өткізіп, Жапонияның ең үлкен атағы «Үлкен лентадағы хризантема» орденімен марапаттады.
Ерлан Баударбек-Қожатаев, ҚР Жапониядағы елшісі:
- Елбасының бұл рәсімге қатысуы Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстың мығым екенін аңғартады. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы сапары екі жақты ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді. Елімізге келген шетелдік инвестиция бойынша алатын болсақ, Жапония 7-орында тұр. Ал өткен жылы өзара тауар айналымы рекордтық 2 млрд долларға жетті.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Сонымен жапон халқы өзінің 126-шы императорын таққа отырғызады. Бұл жүйенің тарихы тереңде жатыр. Елдің өткенімен ғана емес, тұтас болмыс-бітімімен біте қайнасқан императорлық жүйе – жапон таным-түсінігінің қадірлісі.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков