Қарағанды қаласындағы ферроқорытпа зауыты 4 мың тоннаға жуық өнімді экспортқа шығарған
Алпауыт кәсіпорын әзірге ферросилиций өндіруден әлем бойынша 6-шы орында тұр. «Мұнда барлық жұмыс автоматтандырылған әрі экологиялық жағынан өте таза», – дейді мамандар. Өндіріс қалдығының өзін кәдеге жаратады. Ең бастысы, зауытқа қажетті шикізаттың барлығы Қарағанды өңірінде бар. Сондықтан кәсіпорын осы жерге салынған.
Ферросилиций – темір мен кремнийдің қорытпасы. Болат балқытуға кеңінен қолданылады. Әлемде бұл өнімге деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан зауыттан шыққан ферросилицияның барлығы 100% экспортқа жөнелтіледі.
Ерлан Нығматулин, «YDD Gorporation» ЖШС құрылтайшысы:
- Бүгінгі күні өнімнің негізгі бөлігін Ресейге жіберіп жатырмыз. Жапония нарығына да шықтық. Енді жуырда Еуропаға жөнелтеміз. Әзірге зауыт ферросилиций өндіруден әлем бойынша 6-шы орында. Төртінші пешті іске қосқанда 5-ші орынға тұрақтаймыз деген жоспарымыз бар.
Жаңа зауыттың жылдық өндірістік қуаты 180 мың тоннаны құрайды. Үш айдың ішінде кәсіпорын 4 мың тонна өнімді сыртқа саудалапты. Әзірге бір пеш жұмыс істеп тұр. Жуырда екінші пеш іске қосылады. Ал келер жылы мұнда 4-ші пеш салынбақ. Жоба құны 36 млрд теңге. Оның негізгі бөлігін Қазақстанның Даму банкі қаржыландырып отыр.
Абай Сарқұлов, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Біздің тарапымыздан 66% несие берілді. Ол 24 млрд 120 млн теңгені құрайды. Бұл несие 11 жылға, 8,9 мөлшерлемемен беріледі.
Қазір зауытта 350 адам еңбек етеді. Келешекте тағы 200 адамға жұмыс көзі ашылмақ. Ең бастысы, кәсіпорын әлемнің ең озық технологиясымен жұмыс істейді. Зауыттан шығатын өндіріс қалдығы, яғни газ, шаң-тозаң қайта өңделіп, одан микрокремнез ұнтағы алынады. Мамандардың айтуынша, бұл цемент өндірісінде таптырмайтын шикізат екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков