Экономистер Беларусь Президенті Александр Лукашенко сапарына үлкен үмітпен қарап отыр
Екі ел президенттері қандай мәселелерге басымдық беруі мүмкін?
Кеңес дәуірінде Беларусь Республикасы социалистік елдер одағының «жинаушы цехы» атанғаны белгілі. Яғни барлық өндіруші күш, машинаның түр-түрі осы мемлекетте жасалатын еді. «Технологияны дамытуға бейім Беларусь қондырғылары бізге қажет-ақ», – дейді маман.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Бізге олардың өнімдері керек. Неге? Себебі біз Еуропаға, Қытайға тауар экспорттаймыз. Экспортты көбейту үшін Беларусь технологиясын, қондырғыларын қолданып, өзімізде өндірген тауарларымызды сырт елдерге сатамыз. Сондықтан бұл бізге тиімді.
Сапарбай Жұбаевтың сөзінше, климаты жұмсақ ыңғайлы континенттен орын тепкен елмен дос болуға себеп көп.
Екі елдің басшылары бұл жүздесуде ауыл шаруашылығы жөнінде сөйлесулері әбден мүмкін. Өйткені Беларусь импорты біздің сол елге экспортымыздан 4-5 есеге басым.
Мәселен, Қазақстан 150 млн долларға Беларусь Республикасына тауар жіберсе, олардан 500-600 млн долларға зат тұтынамыз екен. Ал жалпы жылдық сауда айналымы 800-900 млн долларға жуықтайды. Бұл елде дамыған өндіріс орындарының тәжірибесі Қазақстанға керек екені бесенеден белгілі.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Оларда өндірілген сүт өнімдері, әсіресе ірімшік, май өте арзанға түседі. Оларды өндіру тиімді. Сондықтан бұл елдің сапалы, арзан сүт өнімдерін импорттауға қызығуымыз керек. Арзанға жасайды демей, олардың кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Маманның сөзінше, қазір Украина мен Ресей арасындағы келіспеушіліктердің кесірінен еліміздің экономикасы күрт түсуі мүмкін. Себебі еліміз Украинаға Ресей арқылы өтеді. Ал Беларусь – осы түйткілді шешетін дара жол. Тауар айналымы қатынастарын Беларусь мемлекеті арқылы жалғастыруға болады. «Әрі екі мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіргендіктен, бір-бірін қолдауға мүдделі», – дейді маман.
Алмас Арзықұлов,саясаттанушы:
- Еуразиялық экономикалық одақтың құрамында болғандықтан, бұл елдер барлық жағдайда экономикамен қатар, байланысын сақтап отырады. Бұдан басқа екі ел ұжымдық келісімшарттың құрамында, жаңағы қауіпсіздікке байланысты ұйымда біргеміз.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Беларусь басшысымен алғашқы кездесуі болмақ. Десе де салмақты да саралы тақырыптар талқыланатын сөзсіз. Өйткені қос елді байланыстыратын терең тарих бар. Ұлы Отан соғысы кезінде Беларусь жерін жаудан азат еткен қазақ батырлары Беларусь топырағында терең тыныстап жатқанын ешкім ұмытпайды.
Алмас Арзықұлов,саясаттанушы:
- Қазақстанда қазіпргі таңда 100 мыңға жуық Беларус ұлтының өкілдері тұрады. Олар өздерінің Беларус ұлттық мәдени орталығы бар. Ассамблеяның құрамына кірген. Осыған байланысты Беларусияның Президентінің келуіндегі мақсаттарының бірі біздің елдегі.
Бұдан өзге, екі мемлекетті экономикалық, саяси мәселелерден басқа қорғаныс сауалы да байланыстырады. Қос елдің сарбаздары алма-кезек тәжірибе алмасып, оқу жаттығуларын бір-бірінен үйренеді. Міне, бүгінде арадағы ынтымақтастықтың жалғасқанына 27-жылдан асыпты. Ал, дәстүрлі достықтың оңды пәрмені тек көшбасшылардың қолында.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Камила Тастанбекова, Айбын Құсанбеков