ДАИШ-тың жасағында болған 14 қазақстандыққа қатысты сот отырысы басталды
Ашық сот процесіне БАҚ өкілдері де жіберілді. Сотталаушылар «террористiк топтың әрекетіне қатысты» деген айыппен келісіп отыр, бірақ кейбірі кінәсын толық мойындағысы жоқ.
Елорда шетіндегі ескі түзеу мекемесі. Сириядан оралған 14 сотталушы дәл осы ғимараттың әдетте ауыр қылмысқа күдіктілерді ұстайтын бөлігінде қамауда отырады. Жеке-жеке камера, бірақ қазір олар бірге. Сот залындағы шағын әйнек қоршау тарлық еткендей. Қылмыстан қашып келгенмен, жазадан ешкім құтыла алмайды. Бірақ олар жазаның жеңілдігі үшін бәрін кінәлауға да бар. Тіпті марқұм әкесін де...
Абзал Амангелді, айыпталушы:
- Мен қатысқым келмеді, әкем: «Балам қатыс, өзіңе керек болады», – дегенен кейін ғана қатыстым.
Олардың Сирияға кету сценариі бір. Мысалы Руслан Қуанов 2012 жылы небәрі 21 жасында поездбен Мәскеуге, сосын ұшақпен Египетке кетеді. Сирияға сапар 8 жылға созылды. Ұзақ әрі ауыр. Оларға Қылмыстық кодекстің кем дегенде екі бабы бойынша айып тағылып отыр.
Еділ Мұрат, прокурор:
- «Қарулы жиһадқа қатысу, жиһад болу әр мұсылманның қасиетті парызы және жұмаққа кіргізудің жолы» деп үгіттеген.
Айыпталушылардың дені Қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-тармағын, яғни «террористiк топтың әрекетіне қатысу» айыбын толық мойындайды, бірақ басқасымен келіскісі жоқ.
Данияр Алтаев, айыпталушы:
- 230-баптың, 1-бөлімімен келіспеймін. Себебі «видеоға түсіріп, насихаттады» деген айып тағылып отыр. Мен халықты шақырған жоқпын.
Әрбірінің бір-бір мемлекеттік адвокаты бар. Демек, тегін. Сондықтан болар, олар судьямен де, тілшілермен де ашық пікірталасқа барған жоқ.
Ерлан Құсатаев, қорғаушы:
- Менің қорғауымдағы кісі толық өз айыбын мойындап отыр.
Сотталушылардың ең жасы 1991 жылғы, ал үлкені – елудегі Бақытжанов Ғазинұр. Лаңкестік ұйымның жасағында болған. Жасақтан қашқан отандастарын іздеуге һәм ұстап беруге көмектескен деседі.
«Жусан» операциясы шеңберінде еліне оралған қазақстандықтардың 15-іне бұған дейін түрлі жаза тағайындалған болатын. Бірақ ол жабық режимде өтті.
Бүгінгі отырысқа отандық БАҚ өкілдері қатыстырылды. Отырыс залына кіргізбесе де, жеке бөлмеде бақылауға мүмкіндік алдық. Дегенмен бүгінгі сот отырысына сотталушылардың туыс-туғандары келмеді. Не келгісі келмеді, не хабар жетпеді.
Жандос Ажмамбетов, айыпталушы:
- Ата-анамның келгенін қалаймын. Естімеген болу керек, себебі менің анам «кел» десе, келер еді. Міндетті түрде келсін.
Сот отырысына қатысқан жалғыз ана – денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған айыпталушы Айыпқалиевтің анасы.
Алғашқы сот отырысында сот құрамы жарияланды. Іске Әділхан Шайхислямов төрағалық ететін болады. Бұған дейін ол Талғат Ермегияевке, кәсіпкер Тоқтар Төлешовке және Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы істерді жүргізген.
Әділхан Шайхислямов, судья:
- Тергеуде бірінші сотталушылардан жауап алады, содан кейін тізім бойынша куәгерлер болады. Сондай-ақ арасында айғақ заттарды да зерттейді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қылмыстық істің материалдары 100 томға жуықтайды. Айыптаушылар елге мамыр айында оралғанын ескерсек, ҰҚК қызметкерлері жарты жылдың ішінде 14 қазақстандыққа қатысты осынша істі жинап үлгерген. Басталған алғашқы ашық сот процесі бір айға созылады деген болжам бар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бекболат Базаров