Елбасы Жапония императорын ұлықтау рәсіміне қатысты
Отыз жыл бойы тақта отырған император Акихитоның ұлы Нарухито тізгінді қолына алды. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Императорлық жүйенің 2700 жылдық тарихы бар дейтін болсақ, сол 2700 жылдың ішінде 58 император көзі тірісінде тақтан кеткен. Оның әрқайсысының өз себебі бар. Акихитоның тізгінді өз еркімен тапсыруы енді сол оқиғалардың тізбегін толықтырды. Дәл мұндай оқиға осыдан екі ғасыр бұрын болған.
Таққа отыру – жапонның таным-түсігінде қастерлі рәсім. 2016 жылдың тамызында император Акихито халыққа жолдауын жариялап, денсаулығы мен жасын меңзеген сәттен-ақ, тақтан түсетіні жайлы нақты айтпаса да, билікті жақын арада мұрагері Нарухитоға тапсыратыны белгілі болды. Билік тізгінін Нарухито биыл мамырдың бірі күні қолына алды. Сол кезде халыққа он күн демалыс беріліп, дәстүрге сай рәсімдер өткен. Ал ұлықтауды көбіне «жаһанға жариялау» деп сипаттаған жөн шығар. Себебі жиынға 190-ға жуық мемлекеттен делегация қатысты. Олардың денін Мемлекет басшылары бастап келді. Императордың таққа отыру рәсімінде Елбасы құрметті қонақтардың қатарында болды. Осындай деңгейдегі іс-шаралардың талап-тәртіптерін Елбасы үнемі бұлжытпай орындайды.
Ұлықтаудың өзегі жөн-жоралғы, ежелгі дәстүрге сай әуелі тиісті ғұрыптар орындалды, содан соң жаңа императордың өзі сөз алды.
Нарухито, Жапония императоры:
- 30 жылдан астам уақыт бойы құрметті император Акихито халқының бақытты болуын, әлемдегі бейбітшіліктің берік болуын тіледі. Мен Жапонияның бірлігі мен мемлекеттігінің нышаны ретінде Конституцияға сәйкес қызмет атқарамын.
Отыз жыл бойы император болған Акихитоның дәуірі Хейсэй деп аталады. Мазмұны «Бейбіт өмір» дегенді білдіреді. Енді Хэйсей дәуірі Рейваға, яғни «тамаша үйлесімділік» дәуіріне ұласты. Жергілікті тұрғындардың жаңа императорға деген ықыласы ерекше. Ал Акихитоның тақты тапсыру туралы шешіміне құрметпен қарайды.
Император әулеті Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі, Жапонияға сапарлары кезінде бірнеше мәрте кездескен. Әсіресе Елбасының ядролық қарусыздануға қатысты бастамаларын қуаттайды. Хейсэй дәуірінде, яғни император Акихитоның тұсында Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға бірнеше рет сапарлады. Сол сапарлардың әрқайсысы тарихи деп атауға лайық. Өзара ынтымақтастық бүгінгі күні стратегиялық әріптестікке ұласты. Рәсімге Елбасын жапон үкіметінің арнайы шақыруы да қарым-қатынастың әлеуетін аңғартады.
Сонымен Акихитоның тұңғышы, 59 жастағы Нарухито таққа отырды. «Дәстүрге берік әулет Рейва дәуірінде халыққа одан бетер жақындай түседі», – деп топшылайды сарапшылар.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Таққа талас жапондардың табиғатында жоқ деседі. Керісінше императорға қызмет етуге, жүйенің болмыс-бітімін бұзбай сақтап қалуға қай заманда да талпыныс болған. Себебі император – елдіктің нышаны, император – тіл мен ділдің сақшысы, император – өткеннің өнегесі, келешектің бағдары. Бәлкім осынау қор құрмет бұл дәстүрді бүгінгі күнге жеткізген де болар.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков