Қазақстан мен Жапонияның ядролық қарусыз әлем құру жолындағы ұстанымы ортақ
Сапар кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Жапония – Қазақстанмен экономикалық байланыс орнатқан ең ірі елдердің бірі. Екі елді жақындастыратыны – ядролық қаруға қатысты ұстанымы. Қауіпсіз әлем құрудағы мүддеміз ортақ. Күншығыс елі Нагасаки мен Хиросимадағы жарылыстың, Қазақстан Семей полигонының зардабын тартты. Оның адамзат үшін залал екенін білсе де, сол қаруды өзіне қорған не өзгелерге сес көрсету үшін ұстап отырған елдер әлі де көп. БҰҰ дерегінше, қазір жер бетінде 15 мың ядролық қару бар. Әуелі шағын құрамда, түрлі ортада ғана айтылып келген ядролық қарусыздану бастамасына алғашқы болып қосылған да осы Жапония болатын. Бірлесе әрекет етудің арқасында ядролық қарусыз әлем құру тақырыбы халықаралық деңгейде талқыланып, кейін 29 тамыз ядролық қарудан бас тарту күні деп бекітілді.
Якуси Акаси, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары:
- Бейбітшілікті қалай сақтаймыз? Қарапайым болып көрінген бұл сұраққа менің берер жауабым ядролық қаруды тасымалдауға тыйым салу керек. Бірлесіп Солтүстік Кореяның қарусыздануын, Иран мәселесін және Үндістан мен Кашмирдің арасындағы келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеу маңызды. Осы жерде Қазақстанның бітімгерлік тәжірибесі қажет.