«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылға 6,5 трлн теңге бөлінеді
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жобалардың жалпы саны 1253-ке жеткен. Оған бағытталған қаражаттың құны 3,5 трлн теңге көлемінде болған. Оның ішінде 1,6 трлн теңгеге 615 шарт жасалған. Ал 1,9 трлн теңгеге 638 жоба дайындалуда. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті әрі қарай жетілдіру үшін барлық рәсімді электронды форматқа ауыстыру ұсынылуда. Бұл жұмыстарды мемлекеттік сатып алу порталымен де интеграциялау жоспарланған. Үкімет басшысы Асқар Мамин салаға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өздері жетекшілік ететін салаларда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ осы Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы да айтылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту – басым бағыттарының бірі болып табылады. Маңызы үлкен жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында, білім беру денсаулық сақтау салаларында іске асырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің механизмін енгізгелі бері 1,6 трлн теңгеге 615 шарт жасалды. Сонымен қатар 1,9 трлн теңгені құрайтын 618 шарт сақталуда. Ұлттық экономика және Индустрия министрліктеріне мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамаға қажет өзгерістерді пысықтауды тапсырамын.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Жобалардың ең көп бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында энергетика және тұрғын үй салаларында болып отыр. Көп капиталды көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй салалары қажет етеді. Жобаларға жеке инвестиция тарту үшін бір терезе құру, пакеттік шешімдер ұсынылады. Сондай-ақ қайтарымды әріптестікті енгізу керек. Осыны жасау үшін біз заң жобасын әзірледік. Түзетулер дайындап отырмыз.