Елбасы Жапонияға сапары аясында кездесулер өткізді
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған бұл міндет енді жапонның технологиясын қолдану арқылы іске аспақ. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді. Ал Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен болған кездесуде өзара ынтымақтастық пен аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен келген. Сол кездегі уағдаластықтар әріптестіктің аясын айтарлықтай кеңейтті. Токиоға Тұңғыш Президент ретінде алғаш рет сапар шегіп, императорды ұлықтау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Премьер-Министр Синдзо Абэмен кездесті. Экономикалық мәселелермен қатар, Корея түбегіндегі жағдай талқыланды. Елбасы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің маңызын атады. Синдзо Абэ болса Қазақстанның антиядролық бастамаларына қолдау білдірді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен жолықты. Кездесуде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері әңгімеге арқау болды.
Бұдан бөлек, кездесу барысында лига төрағасының Қазақстанға сапары, сол сапар аясында өткен кездесулердің мән-мазмұны айтылды.
Такео Кавамура, Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы:
- Императордың таққа отыру рәсіміне қатысқаныңыз үшін жапон халқының атынан алғыс айтамын. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен көптеген табысқа жетті.
Құрметті доктор. Елбасына Цукуба университетінің жоғары ғылыми дәрежесі тапсырылды. 105 қазақстандық осы білім ордасының түлегі болған. Олардың дені «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Дорогого стоит тот факт, что Цукуба входит в число японских ВУЗов с наибольшим количеством Нобелевских лауреатов. Ваш университет самый востребованный среди казахстанцев, 105 наших студентов уже получили дипломы Цукубы. Причем большинство из них стипендиаты программы «Болашақ».
Цукуба университетін әлем біледі. Жапонияның ең үздік деген он оқу ордасының қатарына кіреді. Нобель сыйлығының лауреаттары қай университеттің түлегі десеңіз, көбіне Цукуба алғашқылардың бірі болып аталады.
Кёсукэ Нагата, Цукуба университетінің президенті:
- Біздің университет Қазақстанның 7 жоғары оқу орнымен және ұлттық зерттеу институттарымен әріптестік орнатқан. Он жылдан астам уақыт бойы академиялық байланыс пен білім беру ісінде тәжірибе алмасып келеміз. Бүгінгі күні бұл іс-шараға 300-ден астам студент, сонымен қатар 100 зерттеуші қатысты. Байланыстарды бекемдеуге ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқан Қазақстанның білім саласындағы реформалар негіз болды.
Архив – 2025. Енді жапон Үкіметі осы қазақстандық жобаға техникалық қолдау көрсетіп, ноухауларын ұсынады. Жобаның таныстырылымы болды. Ал бұған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бастама негіз болып отыр. «Архив деректерін тек жинап қана қоймай, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болуы үшін оларды цифрлық форматқа көшіру керек», – деген Нұрсұлтан Назарбаев. Ал бұл істе жапондардың тәжірибесі көп. Жапонияның Мәдениет жөніндегі агенттігімен бірлесіп, ауқымды шаруа басталмақ.
Рёхэй Мията, Жапонияның Мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы:
- Екі ел арасындағы байланыс 1400 жыл бұрын басталған. Сол дәуірде мемлекет құруға талпынған Жапонияға Ұлы Жібек жолы арқылы жаңа мәдениеттер жетті. Ал осы тұста батыс пен шығысты жалғап тұрған қазақтың ұлы даласының маңызы орасан еді. Қазір Токиода императордың таққа отыруына орай көрме өтіп жатыр. Көрмедегі жәдігерлеге қарап Орталық Азия мәдениетінің ықпалын аңғару қиын емес. Біздің елдер ежелден Ұлы Жібек жолы арқылы байланысып жатқан.
Цифрландыру. Дәл осы салада ынтымақтың көкжиегін кеңейтуге Қазақстан да, Жапония да мүдделі. Бірлескен жоба жүзеге асса, бірыңғай электронды кітапханада жинақталған, сандық форматқа көшірілген кітап, мұрағат, музей қорлары негізінде электронды білім кеңістігі қалыптасады. Ал бұл істе жапондықтар зерттеу, мұрағат деректерін есепке алып сақтау үшін озық технологияларын беруге, материалдарды толық цифрландыруға дайын.
1962 жылы іргесі қаланған Нарадағы Мәдени құндылықтарды зерттеу институты бірлескен жобаның басы-қасында жүрмек.
Ал Қазақстан тарапынан Ұлттық музей жауапты. «Орталық Азиядағы ең үлкен, қазақтың өткені мен бүгініне қатысты көптеген құнды жәдігерлер топтастырылған музеймен бірге жұмыс істеу біз үшін мәртебе», – деп отыр жапондықтар.
Синдзи Като, Нара қаласындағы Мәдени құндылықтарды зерттеу институты департаментінің бас директоры:
- Біздің бірлескен жобамыз жайында айтатын болсақ, ол үш саланы қамтиды. Табылған жәдігерлерге консервация мен өңдеу тәсілдері қолданылады. Ғылыми зерттеу жүргізіліп, мәдени құндылықтар жайлы ақпараттар цифрландырылады.
Бұған дейін Елбасы Жапонияға төрт рет сапарлаған. 2016 жылғы ресми сапардың орны бөлек. Сол кезде императормен, Премьер-Министрмен кездесіп, ел Парламентінде сөз сөйлеген. Тізе қосып жұмыс істеуге әлеует зор. Тек былтырғы сауда айналымының рекордтық көлемі 2 млрд долларлық меженің өзі көп дүниені аңғартады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- За прошедшие годы у меня сложились весьма теплые человеческие отношения с Почетным императором Акихито, руководителями японского правительства. Я, как и почетный император Акихито, сложил с себя полномочия, мне предоставлено быть Елбасы. Я впервые посещаю Токио в качестве Первого Президента и Елбасы. Во время моих визитов и переговоров, которые прошли в эпоху хэйсэй, обсуждали международные вопросы и всегда понимали друг друга.
Сонымен Елбасының Жапонияға сапары аяқталды. Екі күннің ішінде императордың таққа отыру рәсіміне қатысып, бірқатар маңызды кездесу өткізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткендей, император Нарухитоның тұсында да серіктестік екі ел игілігі үшін дами береріне сенім мол.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков