Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігінің аймақтық тілшілері – халықтың көзі һәм тілі

Елдің мұң-мұқтажын, олардың әлеуметтік мәселелерін көтеріп жүрген – тілшілер мен камера арқалаған опреаторлар қауымы. Жұрттың базынасын бүкпесіз көрсетіп жүрген «Хабардың» тарландары кімдер?

Ақтау өңірінде Гүлмира Әбішеваны танымайтын көкірегі ояу көрермен жоқ шығар. Ол – ауыл-қаланы аралап, келелі мәселелерді көтеріп, жариялауға тұрарлық репортаждар жасаудың шебері. Тақиядай түбектен көңілге қонымды, қызықты сюжеттер беруі – сөзімізге дәлел. Төзімділігі ер-азаматқа тән Гүлмираның теңіз дауылымен арпалыса түсірген сәттері әріптестеріне жақсы таныс.

Гүлмира Әбішева, «Хабар» Агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі:

- Бұрын біз дайындаған сюжетімізді орталыққа жеткізу үшін ұшақпен беріп жіберетінбіз. Эфирге шыққанша 1-2 күн өтіп кететін. Кейде ол сюжетіміз жетпей де қалып жататын кездер болды. Ал қазір түсірген сюжетімізді 1 сағатта дайындап, 1-2 минуттың ішінде елордаға жеткізіп үлгереміз.

Телевизия – Семейдегі тілші Болат Көкенайұлының бала арманы. Кішкентайында «Хабарға» хат жазамын деп талпынған бала бүгінде арнамыздың аға тілшісі болып отыр. Жаңалықтарға 20 жыл бұрын келген. Содан бері арнаға қалтықсыз еңбек етуде. Халықты мазалаған мәселені шынайы жеткізу – әріптесіміздің өмірлік қағидасы.

Болат Көкенайұлы, ақпарат саласының үздігі:

- Біздің бала кезімізде бір-ақ телеарна болды. Әлі есімде, 2-сынып оқып жүрген кезімде «Біз мектепке барамыз» деген бағдарлама болатын. Алғашқы хатымды жазып, ол «Хабардан» көрсетілді. «Болатты телевизордан көрсетті», – деп бүкіл ауыл болып шулағанымыз есімде.

Әлхайдар Тұрлыханов тілшілер қосынында 15 жыл табан аудармай қызмет етеді. Қызылорда облысынан көрсетілетін сюжеттерді түсіретін осы азамат. Тәжірибелі телеоператор осы уақытта мыңдаған сюжеттің эфирге сәтті шығуына үлесін қосты.

Әлхайдар Тұрлыханов, «Хабар» Агенттігінің телеоператоры:

- «Хабар» телеарнасы қазір технологиялық тұрғыда алға шықты. Соның арқасында ақпаратты жылдам әрі сапалы жеткізіп отырмыз. Көп мәселенің оң шешілуіне атсалыстық. Алдағы уақытта да халыққа, елге қызмет ете береміз.

Бейнекамера – қарағандылық Василий Савкиннің де сенімді серігі. Оны 17 жыл бойы қолынан тастамаған. Көмірлі өлкенің сұлулығы әуеден де, жерден де түсірілген бейнелердің авторы ғарышкерлермен кездесіп, тарихи сәттердің куәсі болғанын мақтан тұтады.

Василий Савкин, «Хабар» Агенттігінің телеоператоры:

- Ғарыш тақырыбын ұнатамын. Әуеден түсіруді жаным сүйеді. Мен бірнеше рет жерге қонған ғарышкерлер капсулаларын қарсы алғандардың ішінде болдым. Сол сәттегі сезімімді сөзбен жеткізе алмасам да, көрермендерге бейне арқылы жеткіздім деп ойлаймын.

Атыраулық Арыстанбек Кенже бірнеше минуттық жаңалық жасау үшін мыңдаған шақырымды еңсеруге бар. Телеарнаның қазанында қайнап жүргеніне 14 жыл болыпты. Тілшінің басты жетістігі – «Хабар» арнасының құрдасы, қызы Гүлшат.

Арыстанбек Кенже, Атырау облысы бойынша тілші:

- Бұл – әрине, ата-ана үшін мақтаныш. Сондай-ақ жауапкершілік болу керек. Себебі мен өзім үшін емес, «Гүлшаттың әкесі» дегенге сай болуым керек.

Ел аралап, халықтың мәселесін билікке жеткізу немесе қуанышына ортақтасу – тілшілердің үйреншікті ісі. Арнамыздың әр маманы осы ұстанымға берік болуға тырысады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Алексей Омельницкий