Жезқазғанда 320 балаға арналған бөбекжайдың құрылысы аяқсыз қалды
Мемлекет қаржысын желге ұшырған кінәлі компанияны жергілікті билік сотқа берген. Бірақ құрылыс жалғасқан жоқ.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Осыдан тура 6 жыл бұрын құрылысы басталған мына балабақша 2017 жылы тапсырылуы тиіс-тін. Алайда мердігердің жауапсыздығынан жұмыс аяқсыз қалған. Қазір 320 балаға арналған бөбекжайдың маңайы қоршауға алынып, есігіне қара құлып ілініпті.
Соған қарамастан екі жыл бойы қаңырап тұрған әлеуметтік нысанның терезесін әлдекімдер шағып кеткен. Бұлай жалғаса берсе, құрылысы 80% аяқталып тұрған балабақшаның аз уақытта аянышты халге түсері анық. Бөбекжайды салу үшін мемлекет қазынасынан 819 млн теңге қаржы бөлінген. Тапсырыс беруші – Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы. Қазір сот шешімімен келісімшарт бұзылып, нысанды Жезқазған қаласының әкімшілігіне беру мәселесі қаралып жатыр.
Юрий Акаемов, Жезқазған қаласы әкімдігі заң бөлімінің маманы:
- Бүгінгі күнде құрылысқа бөлінген қаржының 53 млн теңгесі игерілмей қалған. Енді ол жұмысты біз аяқтап, балабақшаны тапсыруымыз керек. Бірақ ол үшін әуелі әлеуметтік нысанды Жезқазған қаласы әкімдігінің балансына өткізу қажет. Қазір бұл жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ әлі аяқталған жоқ.
Ал мысты шаһардағы мына үш бірдей тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылы басталған. Ол үшін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша қазынадан 390 млн теңге қаржы бөлініпті. Алайда бірінші үй аяқталмай жатып, құрылыс тоқтап қалған. Жергілікті билік осы күнге дейін жауапсыз компанияны 6 рет сотқа берген. Бірақ сот орындаушылар олардан әлі күнге ештеңе өндіре алмай отыр.
Асылхан Әлімсейіт, Жезқазған қаласы құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Сот орындаушылардың толықтай жұмысты атқара алмауының себебі – мердігерлік ұйымның атында ешқандай мүліктің және қаражаттың жоқтығы. Қазір аталған ұйымның басшысына, мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Мамандардың айтуынша, қазіргі күні Жезқазған қаласы бойынша 2 мың адам тұрғын үй, ал 4 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Онсыз да баяу жылжитын бұл кезекті кешіккен құрылыс тіпті тұралатты.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин