Атырауда мұнай қазандарын бумен жуатын стансаның орны тазалануда
Естеріңізге сала кетейік, өткен айда біздің арнада қаланың қақ ортасындағы мұнай қазандарын жуатын мекеменің орнында май толы алты апан мен қазандардың қараусыз қалғаны туралы айтылған еді. «Хабардың» араласуымен жауаптылар анықталып, көпшілікті толғандырған мәселе оң шешімін тапты.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл арада бұған дейін сыйымдылығы 60 тонналық екі май қазаны тұрған-ды. Қазір ол қазандар кесіліп алынды. Енді орнындағы тұғыртастары жиналуда. Сосын барып топыраққа кезек келеді. Жалпы станса аумағында осындай он шақты қазан бар екен.
6 қазаннан бері теміржолшылар біршама жұмыс атқарыпты. Ескі эстакада бұзылып, жерасты май құбырлары аршылып шығарыла бастады. Дегенмен қала жұртшылығы атқарылып жатқан жұмысқа әлі де күмәнмен қарайды. Қалалық азаматтық кеңес мүшелері аталған мәселені ұдайы назарда ұстауда.
Таңат Нұрымов, қалалық азаматтық кеңес мүшесі:
- Мені алаңдататыны – стансаның орналасу сызбасының жоқтығы. Бұл жерде жүздеген құбыр мен май толы құдықтар жатыр. Мердігер мекемеде осы жердің схемасы болуы керек. Әйтпесе қалай жұмыс істейді?
Қазір ескі станса орында ондаған техника мен 30-дай адам жұмыс істеп жатыр. Олар салқын түскенше қазандар мен теміржол табаны және жерасты май қоймаларын аршып алулары тиіс. Екінші кезекте май сіңген топырақты залалсыздандыру мәселесі тұр. Ол да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Рашид Мұсабаев, Атырау вагон пайдалану депосының бас инженері:
- Жалпы заявка Астанаға берілді. Тендер ойнатылып жатыр. Тендер өткеннен кейін, келісімшарт жасалып, мердігер мекеме арқылы тазаланады.
Бұл арадан шамамен 85 тонна мұнай шламдары шығарылады. Олар вагондарға тиеліп залалсыздандыру орындарына тасылады. Сосын жер қайта өңделіп, толықтай қалыпна келтірілуі тиіс.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев