Қазақстан мен Беларусь өзара алыс-берісті арттыруға мүдделі
Былтыр өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ екі елдің әлеуеті бұдан да зор. Қазақстан Президенті ЕАЭО мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
Мәртебелі мейман келгенде Ақорданың айналасы әдетте абыр-сабыр күйге түседі. Бұл – Президент оркестрі. Кез келген елдің әнұранын көзін жұмып тұрып орындап бере алады. Бірақ мәртебелі меймандар келгенде оркестрге қойылатын талап еселене түседі. Себебі Беларусь әнұранына бақандай 1,5 ай дайындалыпты.
Салтанатты қабылдау сағат тілі тура 11:00-ді соққанда басталды. Екі ел президентінің бұған дейін де бір-екі рет екеуара кездесіп үлгергенін айту керек. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болғалы әріптесінің ресми сапарын алғаш рет қабылдап отыр.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл – Ақорданың шығыс залы. Аты айтып тұрғандай ою-өрнек, шаңырақ бәрі шығыс үлгісімен, тіпті орындықтарына дейін жасалған. Президенттердің шағын құрамдағы кездесуі дәл осы арада өтті. Әңгіменің өзегі де, түйіні де осы арада тарқатылды.
Қазақ пен беларусьтің тығыз байланысы қай салада болмасын сенімді әрі серпінді дамуда. Беларусь Қазақстаннан негізінен металл, көмір, мақта талшығын саудалайды. Ал шекарадан бері қарай сүт өнімдерін, қант, жиһаз, жүк көлігін өткізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жабық форматтағы кездесуде негізгі мәселелер жайлы сөйлестік. Өйткені ең жақын елдердің өзара қарым-қатынасында қашан да талқылауды, нақтылауды, ең бастысы шешім қабылдауды қажет ететін мәселелер болады. Біз арадағы сауда көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық байланысты нығайтуға, халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделіміз.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Біз шағын құрамдағы жүздесуде экономика саласына басымдық бердік. Себебі екі ел арасында саясат, әскери-техникалық ынтымақтастық, дипломатия салаларында түйіні тарқамаған мәселелер жоқ деуге болады. Қазақстан – Беларусьтің негізгі сауда серіктесі. Үш жыл ішінде тауар айналымы екі есеге артыпты.
Александр Лукашенко – ұзақ уақыт бойы билікте отырған сақа саясаткерлердің бірі. Елді 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың да саясаттан қара жаяу еместігін халықаралық қауымдастық түгел біледі. Екі Президенттің жас айырмашылығы айтарлықтай емес. Содан болар бір-біріне деген ықыласы, құрметі ерекше. Бұл жайлы сапар алдындағы сұхбатында Александр Лукашенко да тілге тиек еткен.
Біздің ел беларусьтер үшін Азияға шығатын қақпа болса, ал Беларусь біз үшін Еуропамен арадағы көпір болмақ. Екі елдің көліктік-логистикалық компаниялары өте сәтті жұмыс істеуде. Мысалы соңғы үш жылда контейнерлік теміржол тасымалының нәтижесінде Беларусьтің Қытаймен, Қазақстанның Еуропа елдерімен алыс-берісі 6,5 есеге көбейген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен, сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқыладық. Былтырдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар ЕАЭО-ның зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс.
Екі ел қазір бірінде жоқты бірі теңгеріп отыр. Бірақ Беларусь жағына бергенімізден гөрі алғанымыз көп екен. 57 млн доллардың тауарын сатып, 357 млн доллардың тауарын импорттаппыз. Минск көбіне шикізатқа келгенде Қазақстанға қарайлайды.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Бізді Қазақстанның металы, астығы, мақта талшығы, мұнай өнімдері қызықтырады. Өздеріңіз білесіздер, Беларусь мұнай тасымалын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Сондықтан да Қазақстаннан осы шикізаттың импортына мүдделіміз.
Бірақ Қазақстан тек шикізат берумен шектелгісі келмейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бірақ біздің негізгі мақсатымыз – шикізат емес, зат тауарлардың айналымын арттыру. Біз ұсынған тауардың 60 түрінен біздің әріптестеріміз 44-ін нақтылап, нарықтағы нақты мекемелердің тізімін дайындадық.
Ендігі мақсат осы дайын тауарларды Беларуське жеткізіп беру. Бірыңғай кеңістік ішінде кедендік рәсімдер, кедергілер жоқ. Тауар тасымалын бұрынғыдан да жеңілдету үшін бүгін екі ел Үкіметі арнайы келісімге келді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Ең бірінші миграция жөніндегі үкіметаралық келісім болды. Өздеріңіз білесіздер, Беларусь пен Қазақстан ЕАЭО мүшесі болып келеді. Осы екі елдің арасында адамдар еркін жүріп, тауар тасымалдау үшін осындай сұрақтар қозғалды.
Ауыл шаруашылығының мәліметінше, жыл сайын елімізде 1600-дей тракторға сұраныс бар. Егінге орақ түсерде, мал азығын қамдағанда елдегі шаруалар техникадан тарығады. Президенттер Минск трактор зауытының техникасын Қазақстанда шығару жайлы сөйлесті. Қазақ экономикасына мол пайда әкелер бірқатар келісімге қол қойылды. Келіссөздер соңында Беларусь басшысы мәлімдеме жасады.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Қазақстан халқына айтарым, сіздер Беларусьпен тығыз байланыс орнатқандарыңыз өте дұрыс. Біз міндеттерімізді және уәдемізді орындайтын елміз, сәйкесінше ешкімді жарға жығып кеткен емеспіз. Сондықтан сіздер үшін сенімді ел ретінде болуға қауқарлымыз. Еуропаның ортасында сіздердің де жерлеріңіз бар екенін біліп жүріңіздер.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Қазақ пен беларусьтың тілі, діні, дәстүрі бөлек. Арасы да алшақ. Бірақ екі ел де бір экономикалық кеңістікте, арасында ешқандай бақталастық болған емес. Керісінше ресми Нұр-Сұлтан мен Минскінің ұстанымдары ұқсас. Біздердің артықшылығымыз да ұстанымдарымыздың ұқсастығында. Тек сенімге селкеу түспесе болғаны.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов