Қарағандыда «Сәкен Сейфуллин: Ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атты конференция өтті
Ұлт зиялысының өмір жолы, шығармашылығы бауырлас елдерде кеңінен дәріптеледі. Қарағандыда өткен «Сәкен Сейфуллин: Ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар мемлекет және қоғам қайраткерінің көпшілікке беймәлім қырларын баяндап, зерттеу еңбектерімен таныстырды. Алқалы жиынға танымал лингвистер, әдебиеттанушылар, тарихшылар, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алаштың азаттығын аңсап, аз ғана ғұмыры күрескерлікпен өткен ақын жайында конференцияға қатысушылар жан-жақты баяндады. Небәрі 20 жасында қазақ әдебиетінде жарқ етіп, 30-ға толмай ел басқарған қайраткердің өнегелі өмір жолы туралы ғалымдардан барлығы 120 мақала түссе, соның 65-і ғылыми жинаққа енген.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Ел тәуелсіздігіне дейін Сәкен бейнесі біржақты ғана бағаланып келгені рас. Ақынның өмір жолы басқаша түсіндіріліп, оның қазақ халқы үшін жасаған көп қызметі көлеңкеде қалды. Сондықтан да ақын әлемі толық зерттеліп болды деп айтуға болмайды. Біз келер ұрпаққа өнеге ету үшін Сәкендей тұлғаларымызды жан-жақты зерттеуіміз қажет.
Сегіз қырлы, бір сырлы Сәкен жасында керемет ісмер болған деседі. Ақынның көрмеге қойылған жеке заттары соны айғақтай түседі. Бұл күні конференция қонақтары Сәкен Сейфуллин пайдаланған ыдыс-аяқты, киген шапанын, басқа да құнды жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алды. Олардың барлығын осы күнге дейін сақтау оңайға соқпаған.
Сәулет Рымбеков, Сәкен Сейфуллиннің туысы:
- Сәкен Сейфуллин ұсталған уақытта оның мүлкін, дүниесін біздің Алматыдағы Мәжит әкеміз Ұзынағаштағы ағайынның үйіне апарып тыққан. Репрессияның қаттылығынан ақталғанша ол заттарды қорқып, шығара алмаған. Кейіннен ақталғаннан кейін ғана ағайын-туғандары Сәкеннің көзі деп алып қалған. Мәжекең қолында қалғанын музейге өткізді.
Шара аясында «Үш Арыс» кітабының тұсауы кесілді. Әлі сиясы кеппеген жаңа туындыда Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровке қатысты сирек суреттер мен құнды деректер жинақталған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев